Ойламаған, күтпеген жерден түн ішінде үйлер теңселіп, жиһаз қозғалып кетуі оңай нәрсе емес. Жүрегі нашар адам ондайда қатты шошып, үзіліп кетуі де ғажап емес. Қытайдан бастау алған зілзаланың тербелісін Қазақстанның бірнеше аймағы да сезді. Әсіресе Алматы қаласында қаттырақ сезілді. Мұнда жер сілкінісінің күші 5 баллға жетті. Адамдардың бәрі көшеге шығып кетті. Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түнді Алматының тұрғындары қатты алаңдаумен өткізді. Әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындарының уайымы зор болды. Жұрттың бәрі түнімен көшеде болды немесе арнайы босатылған қауіпсіз ғимараттарды паналады. Абырой болғанда қаза болғандар мен қираған ғимараттар жоқ. Алматылықтардың күйін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының, Қырғызстанның, Өзбекстанның халқы да кешті. Ол жақтарда да жер сілкініп, халық түнді алаңдаумен өткізді.
Бұл жағдай адамдарды әр түрлі ойға жетелейді. Мысалы, олар жер сілкінісіне қарсы қандай шаралар барын білгісі келеді. Алматы қаласы мен облысы сейсмикалық қауіпті аймаққа жататыны белгілі. Мамандар бұл аймақтың сейсмикалық ахуалы тұрақты деп келген. Яғни орташа қуаттағы зілзалаға төтеп береді деген сөз. Расында солай болды. Кешегі 5 баллдың жер сілкінісі кезінде қираған ғимарат тіркелген жоқ. Ал 10 балл болса қалай боларын ешкім айта алмаса керек. Құрылысты салғанда оның сейсмикалық төзімділігін тексеретін аппараттарды қолданатыны белгілі. Бұл да көңілге демеу, қауіпсіздікті алдын ала қамтамасыз ету ғой.
Қазақстанның сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарына келсек, олардың ішінде бірінші Алматы аталады. Содан кейін Шығыс Қазақстан облысынан Түркістан облысына дейінгі аралықта жерасты дүмпулері жеті-тоғыз балға дейін жетуі ықтимал аумақтар бар. Өткен уақыттарда жойқын жер сілкіністері болған. Алматыда, яғни ол кездегі Верныйда 1887 жылдан 1911 жылға дейін зілзала жиі тіркелген. 1887 жылы Верныйда 9-10 баллдық жер сілкінісі, 1889 жылы Шелекте 10 баллдық жер сілкінісі болыпты. Верный қаласы жер сілкінісінен екі рет қираған. Мұнда қазір де сейсмикалық белсенділік жоғары. Кейінгі уақытта 7-8 балдық жер сілкінісі болған. 1978 жылы Жалаңашта, 1979 жылы Бақанаста, 1990 жылы Ыстықкөлдегі Байсорунда 7-8 балл күшімен жер сілкінген. Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейінгі аралықта жерасты дүмпулері 7-9 баллға дейін жетуі ықтимал сейсмикалық қауіпті жерлер бар. Мамандар әзірге Алматыда 7 баллдық және одан жоғары күштегі жер сілкінісінің болу қаупі жоқ екенін айтқан.
Қазір Алматы мен оның маңындағы аумақтарда жер астындағы құбылысты бақылайтын 52 станция жұмыс істеп тұр. Онда зерттеулер жүргізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Алматы қаласының маңына 28 сейсмикалық датчик орнатуды ұсынған. Сейсмикалық құрылғыларды Қырғызстанның хабарлау жүйесімен біріктіру жоспарланған. Бұл шаралар сейсмологиялық мәліметтерді кешенді талдауға, эпицентрді, зілзаланың күшін, магнитудасын анықтауға және толқынның келу уақытын есептеуге көмектеседі деп айтылады.
Кейінгі бес жылда Қазақстанда сейсмикалық құралдардың көмегімен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркеліпті. 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 9500, 2021 жылы – 6700, ал 2022 жылы 6900 рет жер сілкінісі болған. Адамдар оның бәрін сезе бермейді, себебі жер кішігірім қуатпен де жиі сілкініп жатады екен.
Негізінен, жер сілкінісін алдын ала нақтылап болжай қиын деп жатады. Себебі жер астының өзі үнемі қозғалыста болғандықтан және ондағы геологиялық процестердің көптігі жер бетіндегі құрылғылардың анықтау жұмысына кедергі болса керек.
Сейсмикалық есептеулер бойынша, орташа алғанда Жер шарында жылына күші 10 баллдан жоғары болатын бір-екі апатты, он-он бес жойқын, елу-жүз қиратушы, үш жүз-бес жүз өте күшті жерсілкіну болады. Жерсілкіну, өте сезгіш аспаптар – сейсмографтармен жабдықталған сейсмикалық стансаларда зерттеледі.
Жер сілкінісін жабайы аңдар, жәндіктер мен үй жануарлары ерте сезетіндіктен, олардың мінез-құлқына қарап, бұл құбылысты болжауға болады. Сейсмикалық орталықтар жануарлар мен жәндіктерді арнайы ұстайды