Талап айтып жиналған халықты аттың сауырына алып сабау, қан-жоса етіп семсермен шабу немесе мылтықпен ату деген қазақта болмаған. Халықтың өкілдері мен билер және батырлар ханмен тең дәрежеде сөйлескен, айтқанын істеткен. Дала демократиясы еркіндікке негізделген еді. Ал халықты ату әсіресе Ресей патшалығы кезеңінің, одан кейін кеңес үкіметі өмірінің ажырамас бөлігі болды. Билік халықты жазалаудың күшімен ғана жүзеге асты. Қазақтың ұлт-азаттық қозғалыстарынан бастап өңірлерде халықтың кеңес үкіметіне қарсы бас көтерген жүздеген көтерілістері басып-жаншылды. Ондайды Желтоқсан да, Жаңаөзен де, кешегі Қаңтар да бастан кешірді. Әсіресе Қаңтардың әңгімесі де, жұмбағы да көп. Биліктегі текетірестің кесірі халыққа тиді деп жатады.
Мұны айтып отырғанымыздың себебі – жанымыздағы елдердің ішінде өз халқына ескертусіз оқ атуға рұқсат беретін және ол үшін жауапкершілік жүрмейтін заң қабылдап жатқандардың пайда болуы. Мұндай үрдіс біздің елімізге үлгі болмауы тиіс дегіміз келеді.
Беларусь республикасының президенті Александр Лукашенко елінің Қарулы күштерінің Ішкі әскер Жарғысының 11-ші бабына өзгеріс енгізіп, оған қол қойды. Жарғының бұл бабының бұрынғы редакциясында егер азаматтарды бұйрықсыз атып өлтірсе немесе жараласа заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылатыны жазылған болатын. Ал енгізілген өзгерісте өздеріне жүктелген міндетті орындау кезінде әскери қызметкерлердің азаматтарға оқ атуына, арнаулы құралдар мен техникаларды қолдануына болатыны көрсетілген. Жарғы болғаннан кейін азаматтар жай әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда да оған қарсы қару қолданылуы мүмкін. Азаматтарды оққа ұшырған әскерилер жауапқа тартылмайды.
Беларусь президенті бұған дейін «Мемлекеттік қауіпсіздік органдары туралы» заңға өзгеріс енгізген еді. Бұл заң бойынша жүйеге қару алып қарсы шыққандарды ғана емес, оларға қолдау білдіріп көшеде көрінген әйелдерді, жас балаларды және мүгедектерді де арнаулы қызмет жасағы атып тастай алады. Бұл әрекеті үшін жауап бермейді.
Негізі Беларусь республикасында Александр Лукашенкоға қарсылық акциялары өткен. Сонда талай азамат оққа ұшып мерт болды. 2020 жылғы президент сайлауы өте салысымен сайлауды бұрмалады деген себеппен халық Лукашенкоға қарсы өре түрегелген еді. Сонда әскерилердің ұрып-соғуынан және қару қолдануынан бірнеше адам қаза болды. Қозғалған қылмыстың істерде сол қаза болғандардың өздері кінәлі деп танылды. Куәлар рәсімделген еді, сол куәларды ұзақ мерзімге түрмеге қамады.
Халықтың наразылық акциясы кезінде 25 мыңдай адам ұсталған екен. Олардың көпшілігін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұрып-соғып азаптады, дене жарақаттарын салды. Бірнеше мыңы айыпталып, ұзақ мерзімге сотталды, осы күні түрмелерде отыр.
Лукашенко жасы келген адам, енді билікте ұзақ отыра алмайды. Кетерінің алдында халқын осылай заңға жығып беріп отыр. Ол жуырда жеке өзіне қатысты тағы бір заңға қол қайған еді. Сол заң бойынша Лукашенко президенттігін қойғаннан кейін өзінің мұртын балта шаппайтындай етіп қойды. Президенттіктен кейін ол өмір бойы Бүкілбеларусь халық жиналысының делегаты және Республикалық кеңестің мүшесі болады.
Оның президенттік мерзімі 2025 жылы аяқталады. «Президент туралы» заңға өзгерістер енгізді. Оның өзі мен отбасы мүшелеріне көптеген игіліктер, үлкен активтер беріледі, жауапкершілікке тартылмайды. Күзет, медициналық қызмет, көлік, тағы басқа нәрсенің бәрі бюджет есебінен жүреді. Ал зейнетақыны өзінен кейінгі президенттің жалақысымен бірдей етіп алады. Өзі Беларусь республикасының тұңғыш президенті. Биліктің тағында 1994 жылдың 20-шілдесінен бері отыр, отыз жылға таяды. Биыл тамызда 70 жасқа толады екен.
Полиция мен арнаулы қызметтің азаматтарды атуға өкілеттік беретін заң Ресейде де бар. Ресей полицейлері адам көп жиналған жерде азаматтарды, соның ішінде егер жүктілігі байқалмайтын жағдайда әйелдерді де атуға құқылы. Ал арнаулы қызметтің өкілдеріне қалыптасқан жағдайға байланысты деген негізбен азаматтарды ескертусіз ату құқығы берілген.
Азаматтарды ату, ескертусіз ату деген көптеген елдерде бар нәрсе. Ондай жағдай Өзбекстанда да болып еді. Ал Африканың кейбір өңірлерінде, Ауғанстан сынды елдерде адамдарды ескертусіз оққа ұшыра салу үйреншікті нәрсе болса керек.
Қазақстан зайырлы, демократиялық мемлекет атанып келе жатқан ел. Әлем алдында абыройы да жаман емес. Біздің жерімізде күштік құрылымдардың азаматтарға күш қолдануы, қарумен атуы жайлы заңға орын болмауы керек деген ойдамыз.