SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Гарвард университетіне қарсы күресті күшейтіп, оқу орнына алдағы оқу жылында шетелдік студенттерді қабылдау лицензиясынан айырды. Бұл шешім "солшыл белсенділік пен либерализмге қарсы күрес" аясында қабылданғанын мәлімдеді.
Трамп әкімшілігі мен атақты Лига Плюща университеті арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетіп, нәтижесінде Гарвард шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылды. Бұл шешім 7 мыңға жуық қазіргі шетелдік студенттің оқуын басқа университетке ауыстыруына немесе елден кетуіне себеп болуы мүмкін.
"Ары қарай Гарвард шетелдік студенттерді қабылдай алмайды, ал қазіргі шетелдік студенттер не басқа оқу орнына ауысуы керек, не легалды мәртебесін жоғалтады", – деп хабарлады АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаменті бейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде.
Аталған департаменттің басшысы Кристи Ноэм бұл шешімге Гарвардтың "зорлық пен антисемитизм атмосферасын қалыптастырып жатқандығы" себеп болғанын айтты. Оның айтуынша, университет аумағында "антиамерикалық, террористік бағыттағы үгітшілер" еврей студенттерге шабуыл жасауға мүмкіндік алған.
Сондай-ақ, департамент 2024 жылы Гарвард "Қытай коммунистік партиясымен байланыс жасап, Қытайдың әскери ұйым мүшелеріне оқу өткізді" деп айып тақты.
Гарвард университетінде қазіргі таңда 6 800-ге жуық шетелдік студент оқиды. Бұл – оқу орнындағы студенттердің төрттен біріне жуығы. Көбі магистратура мен докторантурада, әрі олар 100-ден астам елден келген.
Университет бұл әрекетті заңсыз деп санап, студенттерге көмек көрсету үшін қажетті кеңес пен ақпарат берілетінін мәлімдеді.
"Бұл қарсылық әрекеті Гарвард қауымдастығына да, жалпы елге де үлкен зиян келтіреді. Сонымен қатар, оқу орнымыздың ғылыми әрі академиялық миссиясын бұзады", – делінген Гарвард мәлімдемесінде.
Трамп әкімшілігі мен АҚШ-тың ең бай әрі ежелгі оқу орны арасындағы даудың өршуіне Гарвардтың либерализм мен антисемитизм ошақтары деп танылған элиталық оқу орындарына өзгеріс енгізу туралы Ақ үй талабына алғаш қарсы шыққаны себеп болған. Бұған дейін Трамп әкімшілігі Гарвардқа бөлінген 2 миллиард долларлық грантты тоқтатқан болатын. Трамп тіпті Гарвардты салықтан босату мәртебесінен де айыруға уәде еткен.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік департаменті 16 сәуірде Гарвардқа шетелдік студенттер туралы ақпарат беруді талап еткен. Онда кампуста наразылыққа қатысқан студенттер туралы деректер көрсетілген. Ноэмнің айтуынша, егер университет 72 сағат ішінде барлық қажетті ақпаратты (аудио, видео, жазбаша) берсе, шетелдік студенттерді қайта қабылдау құқығы қалпына келтірілуі мүмкін.
Гарвардтағы Демократ студенттер бұл шешімді "диктатураға жол ашатын әрекет" деп атап, университетті күресті жалғастыруға шақырды.
"Шетелдік студенттерге шабуыл – бұл таза авторитарлық қадам. Гарвард бұған төтеп беруі тиіс", – делінген мәлімдемеде.
Сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар, соның ішінде Жеке құқықтар мен еркіндіктер қоры, бұл әрекеттерді сынға алды. Олар Ноэмнің әрекетін "мемлекеттік тыңшылық жүйесін орнату" деп бағалады.
"Бұл – пікір білдіру бостандығына қарсы бағытталған кең ауқымды репрессиялық шара, оны түбегейлі тоқтату керек", – деді ұйым.