SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ армиясының 250 жылдығын және президент Дональд Трамптың 79 жасқа толуын қатар атап өтпек болған Ақ үйдің бастамасы қоғамда және саясаткерлер арасында күлкі мен алаңдаушылық туғызды. Себеп – шараның шығыны мен парадтың қажетсіздігі.
14 маусым – АҚШ армиясының құрылған күні (1775 жыл), сонымен бірге – Трамптың туған күні. Осы сәйкестікке сүйеніп, Ақ үй Трамптың бұрыннан армандаған Вашингтон көшелеріндегі әскери парадты ұйымдастыруға кіріскен.
Трамп бұл идеяны алғаш рет Франциядағы Бастилия күніне арналған парадтан кейін көтерген болатын. Енді ол Пенсильвания авеню бойында бұрын-соңды болмаған ауқымды парад өткізгісі келеді.
Бұған дейін армияның мерейтойына техникалардың көрмесі, концерттер мен спорт жарыстары ғана жоспарланған еді. Алайда соңғы екі айда Трамп араласып, жоспарға парадты күштеп қосты, дейді ұйымдастырушылар.
Ресми түрде парадтың Трамппен байланысы жоқ деп көрсетілгенімен, оның идеясы мен ықпалы айқын байқалады. Ақ үй бұл шараны «американдық ерлік пен еріктілікке тағзым» деп сипаттағанымен, Трамптың өзі кезінде сарбаздарды «сәтсіздер» деп атағаны, ал Вьетнам соғысына барудан бірнеше рет жалтарғаны сынға ұшырауда.