Іле Алатауында 30 жылда 5 миллион ағаш отырғызылған. Ұлттық парк қалай өзгерді?
Табиғатты қорғаудан тұрақты туризмге дейінгі 30 жылдық жол.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі соңғы 30 жылда аумағын ұлғайтып қана қоймай, орманды қалпына келтіру, сирек жануарларды сақтау және экотуризмді дамыту бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізді.
Ұлттық парк 1996 жылы құрылған кезде аумағы 164 450 гектар болса, бүгінде 200 160 гектарға жеткен. Осылайша ерекше қорғалатын аумақ көлемі небәрі 30 жылда 35 710 гектарға кеңейді.
30 жылда – 5 миллионнан астам көшет
1996–2025 жылдар аралығында парк аумағында 1 637 гектар жерге 5 010 000 дана ағаш көшеті отырғызылған. Орман қорын тұрақты жаңарту үшін қылқанжапырақты және жапырақты ағаш өсіретін 7 уақытша питомник жұмыс істейді.
Орман өрті қаупі – орташа деңгейде
Парк аумағы орман өрті қауіптілігінің үшінші класына жатады. Қазір мұнда 4 орман өрт сөндіру станциясы және 41 өрт сөндіруші қызмет атқарады.
Өртке қарсы инфрақұрылым аясында:
– 6 626,5 шақырым өртке қарсы жол жөнделген;
– 2 340 шақырым өртке қарсы жолақтарда шөп шабылған.
Келушілер саны 34,5 есеге артты
Соңғы 30 жылда ұлттық паркке келушілер саны небәрі 27,4 мың адамнан 945,9 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш визит-орталықтардың ашылуы, маршруттардың абаттандырылуы, қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі және экологиялық ағарту жұмыстарының нәтижесі.
1996–2025 жылдары парк аумағында:
– 3 211 экологиялық іс-шара өткізілді;
– 2 миллионнан астам ерікті мен экобелсенді қамтылды.

Туристік бағыттар саны – 46
Ұлттық парк алғашқы жылдары 8 маршрутпен жұмысын бастаған. Қазір туристік бағыттар саны 46-ға жетті.
Ең көп баратын бағыттардың қатарында:
– Үлкен Алматы көлі,
– Бутаковка шатқалы,
– Аюсай визит орталығы,
– Ой-Қарағай,
– Түрген сарқырамалары,
– Есік көлі,
– Қаскелең шатқалы,
– Ақсай шатқалы бар.
Биыл Аққайың–Көкжайлау және Кузнецов сайы бағыттары, сондай-ақ Бұтақты визит орталығы мен Мәрмәр соқпағы толық абаттандырылады. Жаңа соқпақтарда бағыттаушы белгілер, демалыс алаңдары, қауіпсіздік элементтері мен ақпараттық стендтер орнатылады.
Алдағы үш жылда парк аумағында тағы 30 жаңа туристік маршрут ашу жоспары әзірленіп жатыр.
Ғылым және биоалуантүрлілік
Ұлттық парк аумағында екі генетикалық резерват жұмыс істейді. Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының клондық мұрағаты сақталып, сирек өсімдіктердің табиғи генетикалық қоры жүйелі түрде қорғалуда.
Соңғы 30 жылда сирек жануарлар саны айтарлықтай өскен:
– ілбіс – 5–10 дарақтан 39 дараққа дейін;
– тас сусары – шамамен 100-ден 493-ке дейін;
– қоңыр аю – 15–20 дарақтан 85 дараққа дейін;
– бүркіт – 50-ге жуықтан 97 дараққа дейін артқан.
Бұл – табиғатты қорғау саясатының нақты нәтижесі.

Ғылыми жұмыс
Парк құрылғаннан бері:
– 350-ден астам ғылыми мақала,
– 8 мыңнан астам ғылыми-танымдық материал жарияланды,
– 180 ғылыми-техникалық кеңес отырысы өткізілді.
2024 жылы ұлттық парктер арасында алғаш рет in-vitro зертханасы іске қосылды. Мұнда эндемик және реликт өсімдіктер жасанды ортада көбейтіліп жатыр.
Сиверс алмасын зерттеу бойынша Ботаника және фитоинтродукция институты-мен бірлескен бес жылдық ғылыми бағдарлама жүзеге асуда.
Сонымен қатар Helios компаниясымен бірге Маловодный орманшылығы мен Кузнецов сайында 600 метрлік ғылыми-танымдық соқпақ, тамашалау алаңы, шағын музей және санитарлық торап салу жұмыстары жүргізілуде.
Орманды сауықтырудың жаңа тәсілдері
2025 жылы алғаш рет авиациялық өңдеу әдісі қолданылды. Парк аумағында энтомофагтардың 10 түрі тіркелген.
Инвестициялық жобалар саны – 94
Экологиялық туризмді дамыту мақсатында парк аумағында инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
1998 жылы небәрі бір жоба болса, бүгінде олардың саны 94-ке жеткен.
Қазір ұлттық парк аумағында:
– 3 шаңғы курорты,
– 5 визит-орталық,
– бірнеше заманауи демалыс нысаны жұмыс істейді.
Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, экологиялық туризмнің тұрақты дамуына серпін беріп отыр.