151

«Бұл – тек бастамасы»: Дастан Сәтпаев «Бёрнлиге» ауысуы туралы

Сәтпаев Англиядағы алғашқы тәжірибесін мансабын шыңдайтын маңызды кезең деп бағалады.

«Бұл – тек бастамасы»: Дастан Сәтпаев «Бёрнлиге» ауысуы туралы
instagram.com/d.satpayev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, футболшы Дастан Сәтпаев мансабындағы жаңа кезеңге қадам басып, лондондық «Челсиден» «Бёрнлиге» бір маусымға жалға ауысты. 2026/27 жылғы маусымды жаңа командасында өткізетін шабуылшы бұл мүмкіндікті өзін көрсетуге берілген маңызды мүмкіндік деп бағалады.

Сәтпаев жаңа клубындағы алғашқы әсерімен бөлісіп, «Бёрнлидің» алға қойған мақсатына үлес қосқысы келетінін айтты.

«Осында болғаныма өте қуаныштымын. Бұл — мансабым үшін тамаша мүмкіндік. Өз қабілетімді көрсетіп, командаға өзіне лайықты орынға қайта оралуға көмектескім келеді. Англияда ойнау — мен үшін алғашқы тәжірибе. „Бёрнли“ сапындағы жаңа кезеңді бастап, табысқа жетуге дайынмын», — деді футболшы клубтың баспасөз қызметіне.

Кейін қазақстандық ойыншы Instagram парақшасында жанкүйерлеріне үн қатып, Англиядағы жалға алу кезеңін мансабы үшін жаңа тәжірибе ретінде қабылдайтынын жеткізді.

«Бұл — тек бастамасы. Жалға ауысу — мені күшейте түсетін жаңа тәжірибе. Алда бұдан да жақсы күндер бар, иншаАлла! Алға, Қазақ елім!» — деп жазды ол.

Сәтпаев «Бёрнли» сапында 12-нөмірмен өнер көрсетеді. БАҚ мәліметінше, ағылшын клубы футболшыны бір маусымға 350 мың еуроға жалға алған. Келісімде оны кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған.

Өткен маусымда «Бёрнли» Англия чемпионатында 19-орын алып, екінші деңгейлі дивизионға түсіп қалды. Сәтпаевтың жаңа командадағы дебюті «Вест Хэмге» қарсы алдағы кездесулердің бірінде өтуі мүмкін.

Материал авторы