Алматыда YE концерті өтетін күні жолдар жабылады: жүргізушілер нені білуі керек
Концерттен кейін көрермендер алты бағыт бойынша тегін шаттлмен тасымалданатын болады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 15 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда YE концерті өтеді. Іс-шараға байланысты қалада жол қозғалысын ұйымдастыру тәртібі өзгеріп, қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі.
Көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сағат 15:30-дан бастап Орталық стадион маңындағы көлік қозғалысына кезең-кезеңімен шектеу қойылады. Атап айтқанда, Сәтбаев көшесінің Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі бөлігі уақытша жабылады.
Қауіпсіздік қызметтерінің шешіміне байланысты стадионға жақын орналасқан басқа жолдардың жекелеген учаскелері де уақытша жабылуы мүмкін. Бұл ретте Абай даңғылы бойындағы қоғамдық көлік қалыпты режимде қатынай береді.
Көлік ағынын реттеп, кептелістің алдын алу үшін оқиға орнында Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарады.
Концерттен кейін 60 тегін шаттл қатынайды
Концерт аяқталған соң көрермендерді қаланың алты бағыты бойынша 60 тегін шаттл тасымалдайды.
Автобустар Орталық стадионнан:
-
Алматы Аренаға;
-
«Алатау» метро станциясына;
-
Алматы-1 теміржол вокзалына;
-
Орбита шағынауданына;
-
Жұлдыз шағынауданына;
-
Алматы халықаралық әуежайына қатынайды.
Метро жұмысы да ұзарады
Концерт өтетін күні қоғамдық көлік пен метрополитеннің жұмысы күшейтіледі.
«Байқоңыр» метро станциясы сағат 21:00-де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келгендерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» станцияларын пайдалану ұсынылады.
Метроның жұмыс уақыты кемінде түнгі сағат 01:00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00-ге дейінұзартылуы мүмкін.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жолға шығар алдында бағытын жоспарлап, уақытша шектеулерді ескеруге кеңес берілді. Қаладағы ықтимал кептелістерді ескере отырып, концертке қоғамдық көлікпен барған жөн.