«Төрт сағатқа созылды»: Кенжебек Жанәбіловтің жүрегіне ота жасатты
Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығына қатысты жаңа ақпарат шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбіловке жүрегіне ота жасалды. Өнер иесінің қазіргі жағдайын топтағы әріптесі Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Әншіге кардиологиялық орталықта жасалған хирургиялық ем шамамен төрт сағатқа созылған. Сәкен Майғазиев операцияның сәтті аяқталғанын айтып, әріптесіне шипа тіледі.
«Кенжебекке кеше кардиологиялық орталықта ота жасалып, төрт сағатқа созылған ем-шара сәтті өтті. Алла Тағала шипа берсін. Барша медицина қызметкерлеріне мың рақмет. Қолдарыңыз дерт көрмесін», – деп жазды ол.
Бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығы күрт нашарлап, ауруханаға түскені белгілі болған еді. Әнші сол күні Шымкентте өтетін ән кешіне баруы керек болған. Алайда жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.
Қазір өнер иесі дәрігерлердің бақылауында. Бұған дейін Сәкен Майғазиев әншіге ота жасалған жағдайда оның бірнеше ай сахнаға шыға алмайтынын айтқан болатын.
Материал авторы