163

«Ормуз бұғазы Ирандікі»: Тегеран Трамптың жоспарына қатаң қарсылық білдірді

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Ормуз бұғазын ашу мен жабу туралы шешім тек Тегеранға тиесілі екенін айтты.

«Ормуз бұғазы Ирандікі»: Тегеран Трамптың жоспарына қатаң қарсылық білдірді
Google Maps

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазын Америка территориясы деп жариялау туралы мәлімдемесіне қатаң жауап қатты. Тегеран бұғаздың мәртебесіне қатысты шешімді тек Иран қабылдайтынын мәлімдеді.

Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади Трамптың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, АҚШ президентінің Ормуз бұғазын америкалық аумақ деп жариялау ниетін қабылдамайтынын ашық айтты.

Иран дипломатының сөзінше, стратегиялық маңызы зор бұғазды әлеуметтік желідегі мәлімдемемен де, әскери күшпен де немесе қандай да бір жарлықпен басып алу мүмкін емес.

Гариб-Абади Тегеранның қысым мен күш көрсетуге берілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, Иран қазіргі жағдайды өзінің стратегиялық ұстанымын растайтын фактор ретінде бағалайды.

«Ормуз бұғазы Иранның меншігінде болды, қазір де солай және болашақта да солай болады», – деді Иран СІМ басшысының орынбасары.

Ол бұған қоса бұғазды ашу немесе жабу туралы шешімді тек Иран қабылдайтынын мәлімдеді. Гариб-Абадидің айтуынша, АҚШ Иранның позициясын мойындамай, қысым көрсету саясатын жалғастырған жағдайда, Тегеран бұғазға қатысты өз шешімдерінен бас тартпайды.

Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағымен байланыстыратын стратегиялық маңызды теңіз жолы саналады. Оның маңызы мұнай мен басқа да энергетикалық ресурстардың халықаралық тасымалына байланысты ерекше жоғары.

Бұған дейін Дональд Трамп Ормуз бұғазын АҚШ территориясы деп жариялау ниеті бар екенін айтқан болатын. Иран тарапы бұл мәлімдемеге бірден қатаң қарсылық білдірді.

Материал авторы