269

Өмірқұл Айниязов 21 жыл бала күткенін алғаш рет ашық айтты

Басқа әйел алу керек шығар деп ойладым дейді әнші.

Өмірқұл Айниязов 21 жыл бала күткенін алғаш рет ашық айтты
instagram.com/omirkul_ainiyazov

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші Өмірқұл Айниязов отбасының 21 жыл бойы перзент күткен кезеңі туралы ашық айтты. Өнер иесі сол уақытта отбасын бұзу туралы ой келгенін де жасырмай, бұл шешімге не себепті бармағанын түсіндірді. 

Әншінің айтуынша, ерлі-зайыптыны бірге ұстап тұратын басты нәрсе – баланың болуы емес, махаббат пен өзара сыйластық. Ол отбасын тек перзент үшін сақтап қалуды дұрыс деп санамайды.

«Кейбір адамдар махаббат жоқ болса да, бала үшін бірге тұрады. Олай болмауы керек. Бірінші орында махаббат, одан кейін сыйластық пен бір-бірін бағалау тұруы қажет», – деді Өмірқұл Айниязов Kesdesu YouTube арнасына берген сұхбатында.

Әнші жұбайымен бірге 21 жыл бойы бала күткенін айтып, бұл кезеңнің екеуіне де оңай болмағанын жеткізді. Ұзақ уақыт бойы перзент сүйе алмаған кезде түрлі ой келгенін де жасырмады.

«Мүмкін басқа әйел алу керек шығар» деп ойлағанын айтқан өнер иесі мұндай қадамға бара алмағанын жеткізді. Ол жалғыз баласының өзінен алыста өсіп жатқанын елестете алмаған.

Кейін Өмірқұл Айниязов пен жұбайы ЭКО әдісіне жүгінген. Оның айтуынша, бұл жолға олар 2013 жылы кірісіп, 2021 жылы ғана ата-ана болған. Әнші кейінгі екі баласының ЭКО арқылы дүниеге келгенін ашық айтты.

Өнер иесі мұндай мәселелерді жасырып, ұялатын жағдай ретінде қабылдамауға шақырды. Оның пікірінше, бала сүюде қиындыққа тап болған жұптар уақыт жоғалтпай, мамандарға ертерек жүгінгені дұрыс.

Айниязов қазақ қоғамындағы «ел не дейді» деген түсінік кейде адамдардың қажетті көмекті дер кезінде алуына кедергі келтіретінін айтты.

«Қазақылыққа салынып, елден ұялып қалмау керек. Жастарға үнемі уақыт өткізбеуді, мәселені соңына дейін шешуге тырысуды айтамын», – деді әнші.

Оның сөзінше, отбасы үшін қиын кезеңнен өтуге махаббатпен қатар сабыр мен өзара сенім де көмектескен. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор