211

Билл Гейтстің қызы 20 жыл түрмеге отыруы мүмкін

Миллиардердің қызы атышулы алаяқтық іске қатысы болуы мүмкін.

Билл Гейтстің қызы 20 жыл түрмеге отыруы мүмкін
Nina Westervelt/Getty

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Билл Гейтстің қызы Фиби Гейтс негізін қалаған Phia стартапына қатысты дау өршіп, компания басшылығына заңсыз табыс схемасын білген деген күдік айтылды. АҚШ-тағы зияткерлік меншік саласының заңгері Ариэль Гивнер мұндай әрекет федералдық интернет алаяқтығы ретінде бағалануы мүмкін екенін айтып, ең жоғары жаза 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру болуы ықтимал екенін мәлімдеді. 

Даудың ортасында Фиби Гейтс пен оның Phia компаниясының тең құрылтайшысы София Кианни тұр. Bloomberg жариялаған мәліметке сәйкес, олар интернет-дүкендерден сатып алу кезінде комиссия алу үшін жалған cookie файлдарын қолдану тәсілі туралы білген болуы мүмкін.

Заңгер Ариэль Гивнердің пікірінше, мұндай схема АҚШ соттарында федералдық деңгейдегі интернет алаяқтығы ретінде қарастырылуы ықтимал. Бұл жағдайда айып тағылған адамдарға 20 жылға дейін түрме жазасы, сондай-ақ айыппұл мен келтірілген шығынды өтеу міндеті қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл әзірге заңгердің болжамы екенін және Фиби Гейтске қатысты мұндай жаза тағайындалғанын білдірмейтінін атап өткен жөн.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Фиби Гейтс пен София Кианни Phia жүйесінде жалған cookie қолданылғанын кемінде жеті ай бойы білген болуы мүмкін.

Phia өзін интернеттен тиімді ұсыныстарды табуға көмектесетін цифрлық құрал ретінде таныстырады. Қолданушы тауар сатушының сайтына Phia арқылы кіріп, сатып алған жағдайда, сервис сол мәміледен комиссия алады.

Алайда жарияланған мәліметтерге сәйкес, қосымша пайдаланушының нақты қалай келгеніне қарамастан, сатып алуларға өз деректерін автоматты түрде байланыстырып отырған. Соның нәтижесінде Phia-ға қатысы жоқ мәмілелерден де комиссия түскен.

Компания бұған дейін мұны бағдарламалық қате деп түсіндірген. Phia өкілдері мәселені журналистер компанияға хабарласқан күні ғана анықтағанын айтқан. Бірақ Bloomberg материалында стартап басшылығы бұл проблемадан кемінде желтоқсан айынан бері хабардар болғаны туралы деректер келтірілген.

Қателік түзетілгеннен кейін компанияның орташа тәуліктік табысы 80 мың доллардан 10–28 мың долларға дейін төмендеген.

Bloomberg қол жеткізген Phia қызметкерлерінің ішкі хат-хабарларына сәйкес, маусым айында компания заңсыз тәсілмен комиссия алған тауарлардың үлесі 51 пайызға жеткен.

Phia қаңтарда бірнеше танымал инвестордан 35 миллион доллар венчурлік қаржы тартқан. Қазір компания заңсыз алынған комиссиялардың бір бөлігін сауда компанияларына қайтара бастаған.

Қазіргі таңда Фиби Гейтстің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы ақпарат жоқ. 20 жылға дейінгі жаза туралы мәлімдеме заңгердің осы жағдайға қатысты құқықтық бағасы болып отыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор