17 жыл Еуропада бой тасалаған: Алматыдағы кісі өліміне қатысы бар «Кинг-Конг» сотталды
«Кинг-Конг» атанған күдікті 17 жылдан соң Қазақстанға экстрадицияланып, 15 жылға сотталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда 2008 жылы болған атышулы кісі өліміне қатысы бар ер адамға сот үкімі шықты. Ю.Ю. есімді азамат қылмыс жасалғаннан кейін Қазақстаннан кетіп, 17 жыл бойы Еуропа елдерінде жалған деректермен бой тасалаған. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы жазды.
Сот мәліметінше, қылмыс 2008 жылғы 19 мамырға қараған түні Алматының орталығында болған. Ю. және оның сыбайласы А.К. қылмыстық орта өкілімен арадағы жанжалдан кейін оны Фурманов көшесіндегі үйдің маңында күтіп тұрған. Ер адамға бірнеше рет оқ атылып, ол оқиға орнында қаза тапқан.
Қылмыстан кейін Ю. Қазақстаннан шығып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ал оның сыбайласы А.К. көп ұзамай басқа қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. 2008 жылдың жазында Қапшағайдағы «Старая крепость» демалыс аймағында болған қарулы оқиға кезінде полиция қызметкері қаза тауып, тағы төрт адам ауыр жараланған. 2009 жылы А.К. 23 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал Ю.Ю.-ды іздеу жылдар бойы жалғасқан. Бас прокуратураның мәліметінше, ол қылмыстық ортада «Кинг-Конг» деген лақап атпен белгілі болған және белгілі қырғызстандық қылмыстық беделді тұлғаның айналасында жүрген.
Сонымен қатар оны Қырғызстан құқық қорғау органдары да 2007 жылы Бішкекте көлік жуу орнының иесін өлтіру ісіне байланысты іздеген.
Көп жыл бойы Еуропа елдерінде жалған анкеталық деректермен жүрген ер адам 2025 жылғы тамызда Литва шекарасынан өту кезінде ұсталған. Сол жылдың қарашасында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Литвадан Қазақстанға экстрадицияланды.
2026 жылғы шілдеде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ю.Ю.-ды адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы жасалған кісі өліміне көмектескені үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Бас прокуратура бұл экстрадицияны шетелдік құқық қорғау органдарымен халықаралық ынтымақтастықты күшейту нәтижелерінің бірі деп бағалады. Ведомствоның мәліметінше, шетелдік әріптестермен тікелей байланыстарды кеңейту, ақпарат алмасуды жеделдету және халықаралық іздеу тетіктерін пайдалану Қазақстаннан ұзақ уақыт бойы бой тасалаған адамдарды анықтап, елге қайтаруға мүмкіндік беріп отыр.
Материал авторы