«Қазақстан – ғажап ел»: Kanye West концерті үшін шетелдіктер Алматыға ағылды
Қытай мен Австралиядан арнайы келген жанкүйерлер концертпен қатар Алматының табиғаты мен атмосферасына таңданысын жасыра алмады.
Алматыда Kanye West-тің әлемдік туры аясындағы концертіне шетелден келген жанкүйерлер жиналып жатыр. Австралия, Қытай, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген қонақтар сүйікті әртісінің өнерін көрумен қатар, Алматыны аралап, қаланың табиғаты мен ерекше атмосферасына тәнті болған.
Қытайдан арнайы келген Кристалл Лю концерт үшін Алматыда үш күн болуды жоспарлап отырғанын айтты. Ол Қазақстанға Kanye West-тің өнерін тамашалау үшін келген.
«Менің атым Кристалл Лю. Мен Қытайдан Kanye West-тің концертіне арнайы келдім. Алматыда үш күн боламын. Бұл перформансты асыға күтіп отырмын», – деді ол.
Кристалл Лю әртістің шығармашылығына деген қызығушылығын да жасырмады. Сұхбат барысында ол Kanye West-тің танымал әндерінің бірін орындап, концертті қаншалықты асыға күтіп жүргенін көрсетті.
Ал Австралиядан келген Дебора Лайт Қазақстанға сапары туралы әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, Алматы мен елдің жалпы атмосферасы оған ерекше әсер қалдырған.
«Біз Қазақстанға YE-ні көру үшін келдік. Біз бұл елді жақсы көреміз және осында болғанымызға қуаныштымыз. Қазақстанға келгеніме әлі де сене алмаймын, себебі бұл – таңғажайып ел», – деді ол.
Австралиялық қонақ концерттің өзін де асыға күтіп отырғанын атап өтті. Ол Kanye West-тің музыкасын тыңдап, концерттің атмосферасын сезіну үшін Алматыға ерекше көңіл-күймен келгенін айтты.
«Мен YE сияқты керемет өнер иесін тыңдайтыныма қуаныштымын. Барлық әндерін тыңдап, ерекше атмосфераны сезінуді асыға күтіп отырмыз», – деді Дебора Лайт.
Шетелдік жанкүйерлер арасында Ресей мен БАӘ-ден келген туристер де бар. Олар концертке қатысумен қатар, Алматының көрікті жерлерін аралап, қаланың табиғаты мен атмосферасын жоғары бағалаған.
Осылайша, Kanye West-тің Алматыдағы концерті тек музыкалық шараға ғана емес, шетелдік қонақтарды Қазақстанға тартқан ірі оқиғаға айналып отыр. Жанкүйерлер үшін концерт – сүйікті әртісін көру мүмкіндігі болса, Алматыны алғаш рет тамашалағандар үшін Қазақстанмен танысуға себеп болды.