106

«Тектілігіміз қайда, тәрбиеміз қайда?»: Жанарбек Әшімжан қоғамдағы өзгерістерге алаңдады

Экс-депутат әр өңірдегі кездесулер барысында тұрғындардың тәрбие, мәдениет, дәстүр және адамгершілік мәселелеріне алаңдайтынын байқағанын жеткізді.

«Тектілігіміз қайда, тәрбиеміз қайда?»: Жанарбек Әшімжан қоғамдағы өзгерістерге алаңдады
AI / SMARTNEWS.KZ

ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болған Жанарбек Әшімжан Facebook парақшасында Қазақстандағы қоғамдық мәдениет пен тәрбие мәселесіне қатысты пікір білдірді. Экс-депутаттың сөзінше, өркениетті қоғам құру тек экономикалық немесе саяси жетістіктермен өлшенбейді, оның негізінде адамның күнделікті мәдениеті мен өзара сыйластығы тұруы керек.

Әшімжан қазақ қоғамында адамның тегі мен тәрбиесіне қашанда ерекше мән берілгенін еске салды. Алайда бүгінде атадан қалған өсиет пен тектілік ұғымының қоғамдық қарым-қатынаста қаншалықты сақталып жүргеніне алаңдайтынын жазды.

Ол аймақтарды аралау кезінде тұрғындардың әлеуметтік мәселелермен қатар, тәлім-тәрбие, мәдениет, дәстүр және адамгершілік қарым-қатынас тақырыптарына жиі тоқталатынын атап өтті.

Экс-депутат Жаңаөзен, Қызылорда, Қонаев және Алматы қалаларында түрлі адамдардан осы мәселеге қатысты ескертулер естігенін айтты.

Оның пікірінше, қоғамдағы әдепсіздіктің көріністерін бүгінде көшеден де, қоғамдық көліктен де, әлеуметтік желіден де байқауға болады. Адамдардың бір-бірімен дөрекі сөйлесуі, қоғамдық орындардағы жанжалдар мен жастар арасындағы әдепке жат қылықтар қоғамның мәдени деңгейіне қатысты ойлануға мәжбүр етеді.

«Бұл қалай болғаны? Сонда тегіміз қайда, тектілігіміз қайда? Тәрбие қайда? Дәстүр қайда? Сыйластық қайда? Ең бастысы – адамгершілік қайда?» – деп жазды Жанарбек Әшімжан.

Экс-депутат қоғамда өзгенің кемшілігін сынауға құмарлық барын, алайда адамның алдымен өзін тәрбиелеуі маңызды екенін атап өтті.

Ол қазіргі таңда қоғамдық тәртіп пен қоғамдық мәдениет әлсіреп бара жатқанына алаңдайтынын жеткізді. Бұл мәселенің Мемлекет басшысы деңгейінде де бірнеше рет көтерілгенін еске салды.

Әшімжанның айтуынша, өркениетті мемлекет құру күнделікті қарапайым әдеттерден басталады. Адамның дұрыс амандасуы, айналасындағыларға құрметпен қарауы, қоғамдық тәртіпті сақтауы, көшеге қоқыс тастамауы және өзгенің құқығы мен шекарасын құрметтеуі – мәдениетті қоғамның негізгі белгілері.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қоғамдық ортада, әсіресе жұмыс орнында өзін дұрыс ұстай білуі қажет деген пікірін де атап өтті.

Жанарбек Әшімжан дәстүрдің уақыт талабына сай өзгеріп отыратынын айтып, оның қоғамға пайдалы тұстарын сақтаудың маңызын жеткізді.

«Өркениетті, дамыған ел боламыз десек, тал-бесіктен басталатын тәрбиені түзейік, әдеп сақтайық!» – деді ол.

Экс-депутат әр адамның күнделікті жасаған әрекеті қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Оның сөзінше, жақсы әдет ең алдымен адамның өзінен басталып, айналасына және бала-шағасына әсер етеді.

«Өзімізден басталған жақсы әдет айналамызға да, бала-шағамызға да оң әсер етеді. Соны ұмытпайық!» – деп қорытындылады ол.