Алматыда суррогат анадан туған баладан қытайлық жұп бас тартты
Тапсырыс берушілер ДНҚ тестінен кейін байланысқа шықпай кеткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында суррогат ана қызметі үшін уәде етілген 7,5 млн теңге гонорарды талап етіп отыр. Оның айтуынша, баланың биологиялық ата-анасы – Қытай азаматтары – нәрестеден бас тартып, байланысқа шықпай кеткен.
27 жастағы Кристина Гаврилюк шетелдік ерлі-зайыптылармен келісімшарт жасасып, олардың баласын көтеруге келіскен. Эмбрионды жатыр қуысына көшіру процедурасы Алматыдағы клиникалардың бірінде жүргізілген. Келісім бойынша әйелге 7,5 млн теңге төленуі тиіс болған.
Жүктілік кезінде тапсырыс берушілер қаржылай қолдау көрсетіп, ай сайын шамамен 200 мың теңге көлемінде төлем жасап отырған. Алайда жүктіліктің жетінші айында асқынуларға байланысты әйел мерзімінен бұрын босанып қалады. Дәрігерлер шала туған ұл баланы алып кеткеннен кейін көп ұзамай тапсырыс берушілер оны алудан бас тартқан.
Кристина Гаврилюктің айтуынша, алдымен биологиялық ата-аналар баланың денсаулығын тексеру үшін талдаулар талап еткен. Нәтижелер қалыпты шыққаннан кейін ДНҚ сараптамасы жүргізілген. Тест баланың шынымен соларға тиесілі екенін растаған. Алайда содан кейін тапсырыс берушілер байланысқа шықпай қойған.
Әйелдің айтуынша, ол нәрестені тәрбиелеуге ниетті емес. Сондықтан босанғаннан кейін бірден баладан бас тарту туралы құжат жазып, сәби Сәбилер үйіне тапсырылған.
Кристина Гаврилюк дүкенде сатушы болып жұмыс істейді және алты жастағы қыз тәрбиелеп отыр. Бұған дейін ол екі рет суррогат ана болған. Ол келісімдердің екеуі де сәтті аяқталған. Ал үшінші жағдайда уәде етілген сыйақыны ала алмаған.
Биологиялық ата-аналар туралы мәлімет аз. Олардың Қытай азаматтары екені ғана белгілі, қазіргі қайда жүргені белгісіз. Эмбрион көшіру процедурасы жасалған клиника бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартқан.
Суррогат ана полицияға арыз жазғанымен, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.
Алматы қалалық полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл мәселе азаматтық-құқықтық тәртіпте қаралуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайда қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Сондықтан әйелге сотқа азаматтық талап арызбен жүгіну ұсынылған.
Қазақстанда суррогат ана болу заңмен рұқсат етілген. Мұндай қатынастар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заң арқылы реттеледі. Құжатта суррогат ананың медициналық көмек алу, денсаулығын қорғау және еңбегі үшін сыйақы алу құқығы қарастырылған.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл жағдайда әйел сотқа жүгініп қана қоймай, Қытай елшілігі мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы да мәселе көтере алады.
Заңгер Ғабит Өмірбековнің пікірінше, баладан бас тартқан биологиялық ата-аналарға қатысты ата-аналық міндеттерін орындамау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілік мәселесі де қаралуы мүмкін.
Қазіргі уақытта шала туған нәресте сәбилер үйінде. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Бала салмақ қосып келеді. Ал заң бойынша ол әзірге «бас тартылған бала» мәртебесіне ие. Енді оның тағдырын мемлекет шешетін болады.
Материал авторы