Ақша іздеп, Америкаға ағылғандар саны артуда

18.10.2023, 17:13
1062
Ақша іздеп, Америкаға ағылғандар саны артуда canva.com

Жұрттың бәрі Америкаға барғысы келеді. Сол жақта жұмысқа ілігіп, тұрақтап қалуды, ал келе-келе АҚШ азаматтығын алуды армандайтындар шыныда көп болса керек.

Ол жақта табыс көп, өмір қызық па, кім білсін, ебін  тапқандар заңды да, заңсыз да жолмен Америка, қайдасың деп аттанып жатады. АҚШ қоғамына кірігіп еңбек етіп жүргендер де көп, сол сияқты, өз бетінше ұрланып барып ұсталып жатқандар да жетіп артылады.

2021 жылдың қазаны мен 2023 жылдың қазаны аралығында АҚШ-қа заңсыз жолмен кіріп ұсталғандардың есебі шығарылған екен. Жан-жақтан ұрлықы жолмен барып кірген жүздеген мың адам ұсталған. Олардың біразы Америкадан шығарылған, ал біразының жүріп-тұру мерзімі сот шешімімен ұзартылған деп жатыр. Оның ара жігінің нақты есебі келтірілмепті.

Бір айтарлығы, заңсыз жолмен кірген адамы ең көп елдердің алғашқы үштігінде көршіміз Өзбекстан тұр. Өзбек ағайындарымыз Америкаға заңсыз кіру жолдарының жықпыл-жықпылын жақсы меңгерген болса керек. Өзбекстанның 13 624 адамы ұсталған екен. Тізімнің көш басында тұрған ел – Түркия. АҚШ-та түріктердің 30 830 адамы ұсталған. Одан кейін Мавритания елі тізімнің екінші қатарына 15 594 адамымен енген. Өзбекстан үшінші. Одан кейін Ауғанстан, Египет, тағы басқа елдер тізбектеліп ары қарай кете береді. Ішінде Иран, Сирия, Пәкістан, Ливан, Иордания, Йемен және Ирак елдері де бар.

Тізімге заңсыз жүрген азаматы ұсталған елдердің бәрі кіргізілмеген. Американың тәртібі бойынша «ерекше назар аудартқан шетелдіктер» категориясына кіретін елдер ғана қамтылған. АҚШ-тың өлшемі бойынша мұнда «терроризмнің дамуына алғышарт бар елдерде тұратын немесе азаматтары АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін» мемлекеттердің есебі жасалған. Мұндай елдер қатарына мысалы, Мексика, Гватемала, Венесуэла және Орталық Азия мен Оңтүстік Американың тізімге енбеген өзге елдері кірмеген. Оларға АҚШ билігі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін елдер деп қарамайды. Қазақстан азаматтары да ұсталған болуы мүмкін, бірақ қауіпсіз ел ретінде қаралғандықтан тізімге енбеген шығар.

Білушілердің айтуынша, соңғы уақытта Орталық Азия елдері азаматтарының АҚШ-қа Мексика арқылы заңсыз өтуі жиілеген. Адамдар алдымен Богота, Панама және Манагуаға жетеді. Одан әрі қарай Никарагуа, Гондурас, Гватемала елдерін басып өтіп Мексикаға табан тірейді. Жолы болса сол жерден Америкаға өтіп кетеді деп жатады. АҚШ-та олар босқын мәртебесін алуға, бірнеше жылдан соң грин-картасына қол жеткізуге ұмтылады. Грин-карта оларға сол жақта тұрып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірақ Америкаға барғандардың ішінде алаяқтарға алданып, немесе шекара заңын бұзғаны үшін ұсталып жатқандар аз емес. Ал соңғы асу деген Мексиканың өзінде түрлі келеңсіздікке ұшырап, тіпті із-түзсіз жоғалып кеткендер де бар көрінеді. Таяуда Америка шекараны заңсыз кесіп өткендерді бірден шығарып жіберетін тәртіп енгізген. Бір шығарылған адам бес жыл бойы қайтып ол елге аяқ баса алмайды. Соның өзінде АҚШ-қа қарай анталаған жұрттың қоюы сұйылмай тұр. Телеграм-арнада «Америкаға Мексика арқылы бару» деген чат та бар екен. Чатқа еліміздің мыңнан астам адамы жиналған. Оған қоса «Орта Азиядан Мексикаға дейін маршрут ұйымдастырып, виза жасап береміз» деген алаяқтар да адамдарды айналдыратын көрінеді.

Американың грин-карта лотереясы – бақуатты өмірдің кілті деп жатады. Сондықтан жылына миллиондаған адам АҚШ үкіметі ұйымдастыратын ұтысқа қатысып, бақ сынайды. Осы күні  лотереяға қатысып, жеңімпаз атанып жүрген қазақстандықтар саны жылдам артып келеді деген сөз жиі айтылады.

Грин-карта дегеніміз – АҚШ-тың шетел азаматтарының елде тұруына, жұмыс істеуіне рұқсат беретін ықтиярхаты. Оны алған адам АҚШ-та бес жыл тұрғаннан кейін азаматтыққа өтініш бере алады. Грин-карта деген құжат жасыл түсті болады. Green сөзінің өзі жасыл деген мағына береді. АҚШ грин-картаны жыл сайын бір миллионнан астам адамға береді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Жанат Шамиганов есімді Қазақстан азаматының АҚШ-қа жету жолының хикаясы баяндалды. Ол Орталық Американың жеті елін аралап өтіпті. Өте ұзақ жолдың 500 шақырымын жаяу жүріп өткен. Ол алдымен Колумбияға барып, одан Панама шекарасына өткен. Сол жерде джунглиге кіріп, әрі қарай жаяу жүрген. Коста-Рика, Никарагуа, Гондурас, Гватемала жерлерін басып өтіп Мексикаға жеткен. Жолының бәрі қауіп-қатерге толы болыпты. Қашып жүрген қылмыскерлер, кісі тонайтындар өткен-кеткендерді аңдып жүретін көрінеді. Тоналған қытайларды кезіктірген,  жоғалып кеткен қырғыздар жайлы естінген. Әйтеуір жолы болып, Мексика арқылы Америкаға заңсыз өтіпті. Өзі орайы келген жұмысты нақты ақыға істеп жүргенін айтқан. Жүрісі заңсыз болғандықтан бір жерге рәсімделіп орналаса алмайды. Бірақ алдағы күннен үміті бар. Ол келе-келе грин-картаға қол жеткізсем, сол жақта жұмыс істеп, тұрақтап қалсам деген ниетпен барса керек.

Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің демекші, Америкаға Жанат Шимагановқа ұқсап тәуекелмен аттанатындар аз емес. Ал Өзбекстан азаматтарының ішінде Америкаға жету жолында жан пида деп үйінен шығып кететіндер тіпті көп екені жоғарыда келтірілген мәліметтен көрініп тұр.  

Боралдайда 70 мың теңге үшін 26 жастағы жігіт қаза тапты Қазақстан мұражайлары мұражай күніне орай TikTok-тың халықаралық бастамасына қосылады «Көршілерім құтқарып қалды»: Алматылық әйел өзіне фельдшер тиіспек болғанын мәлімдеді Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөлі талқыланды Қытайдан көлік алған қазақтардың шоттары жаппай бұғатталып жатыр Қазақстан армиясы жаңа соғыс форматына бейімделіп жатыр «Миллион теңге де жетпейді»: Бақытжан Базарбек депутаттардың айлығы неге жетпейтінін түсіндірді Трамп Си Цзиньпинді «Голливуд фильмдеріне лайық образ» деп атады Шетел азаматтығын жасырған отбасы Қазақстаннан қуылды «Человек в маске» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін бір күнде өзгертті (ВИДЕО) Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр «Әкімдікке кіріп көрмегенмін»: Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваға жауап берді «35 жастан кейін басталды»: тойда билеген әйелдің видеосы вирусқа айналды Алматыда үйленген ер адамды аңдыған әйелге қылмыстық іс қозғалды «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім»: Алматыға келген ресейлік қыз дауға қалды Ердоған Қазақстанға үндеу жасады: Түркі бірлігі жаңа кезеңге өтті UMC Назарбаевтың жүрек операциясы туралы ақпаратты жоққа шығармады Ресейде аулада намаз оқыған өзбекстандық елден қуылды Оралда полицей қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды