Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады

15.03.2024, 13:00
692
Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады ашық дереккөзден

Қазақстан мен Өзбекстан шекара қорғанысы мен ел қауіпсіздігін бірге қорғамақ.

Қазіргі заманда мемлекеттердің бір-біріне жақындағаны жақсы. Өйткені әлемдегі геосаяси ахуалдың өзі көршілес, бауырлас елдерді сыртқы қатерлерге қарсы иықтасып бірге тұруға ұйыстырып жатыр. Осының жарқын мысалы – Еуропа елдері. Ондағы мемлекеттер бұрыннан одақтасып өмір сүріп келген болса, осы күні бір жағадан бас, бір жеңген қол шығаратындай біте-қайнасып кетті. Оларды Украинаға көмектің өзі жақындастыра түсті. Іс насырға шапса, Еуропа елдері Украинаны қорғауға әскер жіберуі мүмкін екені де аңғарыла бастады. Мұндай ойды кеше ғана Франция президенті айтты. Франция ядролық держава. Оның президентінің сөзінде үлкен салмақ пен дәреже болады. 

Еуропа елдерінің бір одаққа және НАТО ұйымына біріккенін мысал етіп айтуымызға себеп болып отырған жағдай – Орталық Азия елдерінің арасында бұрынғыдан да жақындаса түсу үрдісінің басталып жатқаны. Қазақстан мен Өзбекстан барлық мәселелерде, соның ішінде тәуелсіздік пен территориялық тұтастықтың болуында бір-біріне қолдау көрсету туралы келісімді құжаттап жатыр. Ал бұл қатардағы келісімдердің бірі емес, маңызы да, салмағы да үлкен құжат. Себебі екі елдің басындағылар бір-біріміздің егемендігімізді, тәуелсіздігімізді және шекарамыздың тұтастығын бірге қорғайық деп отыр.  

28-ақпанда Парламент Мәжілісі Өзбекстанмен одақтастық қатынас туралы Келісімді ратификациялап, мақұлдау үшін Парламент Сенатына жолдады. Сенаттан кейін құжатқа Президент қол қоюы тиіс. Келісімге сәйкес, Астана мен Ташкент арасындағы қызметтестіктің жаңа механизмі жасалып жатыр. Ендігі жерде Мемлекет басшылары деңгейіндегі Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылмақ. 

Келісімнің мақсатыҚазақстан-Өзбекстан қатынастарын өзара ықпалдастықтың және екіжақты қызметтестіктің жаңа деңгейіне шығару, сондай-ақ екі мемлекеттің тәуелсіздіктерінің, егемендіктерінің, территориялық тұтастықтарының нығаюына, экономикаларының тұрақты дамуына бірлесе әрекеттесу. Мұндай тұжырым Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің қорытындысында келтірілген. 

Қазақстан мен Өзбекстан қандай да бір блоктар мен одақтарға қатыспауды, сондай-ақ екеуінің біреуіне қарсы бағытталған қандай да бір әрекеттерге қосылмауды Келісімнің негізінде міндеттеріне алғандарын растайды. Құжатта бір-бірін халықаралық аренада қолдау, жаппай қырып-жою қаруын қолданбау, терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және қауіпсіздіктің жаңа қатерлеріне бірлесіп қарсы тұру сынды ортақ әрекеттер жіктелген.

Өзбекстанның  «Man’o» деген зерттеу бастамалары орталығының Бақтияр Ергешов есімді директорының пікірінше, дәл қазір шекаралас елдердің Қазақстанға басып кіру ниеті жоқ. Қауіп Ауғанстан жақтан болып тұр. Ол жақта террорлық ұйымдар шоғырланған. Сырттан шабуыл жасалған жағдайда одақтаспыз деп жариялаған елдер бір-біріне әскери көмек беру туралы міндеттеме қабылдайды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бүгінгі келісімнің ең маңызды бөлігі де осы. Құжатқа сәйкес, одақтас елге дипломатиялық және өзге көмек те көрсетіледі. Бақтияр Ергешов егер соғыс тұтанып, одақтас елдің бірінің оған шамасы жетпей жатса, екіншісі көмекке әскер жібереді.

Бірлескен әскери контингентті екі ел әзірге құра алмайды екен. Себебі Өзбекстанның сыртқы саяси жұмыс және қорғаныс доктринасы бойынша өзбек әскерилері шет елдердегі әскери операцияларға қатыстырылмайды. Ал Қазақстан шет елдердегі әскери операцияларға әскер қатыстыра алады. Қазақстан өзінің әскери контингентін өзге елдердегі әскери операцияларға Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында қатыстырады. Сол себептен Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен әскери контингенті құрылмайды. Ал қажет жағдайда әскери көмек өз алдына бөлек көрсетіледі. Дегенмен Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшесі, ал Өзбекстан оның мүшесі еместігіне қарамай, екі ел өзара әскери-техникалық қатынасты дамыта береді. Ал Өзбекстанның әскери-техникалық мәселедегі басты әріптесі Ресей болып қала береді екен. Өзбекстан мен Ресей арасындағы одақтастық жайлы 2005 жылғы келісімге де, Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық жайлы 2013 жылғы келісімге де бүгінгі Астана мен Ташкент арасындағы жаңа келісім қайшы келмейтіні келтірілген. Қалай болғанда да Қазақстан мен Өзбекстан қорғаныс кешендерін бірлесіп дамытуға күш салуға ниеттенген.

Қазақстан мен Өзбекстанның жақындасуы 2013 жылдан бастау алатын көрінеді. Сол жылы екі елдің арасында стратегиялық әріптестік жайлы келісімге қол қойылған екен. Екі ел арасында орын алған күрделі қатынастар  бұл қызметтестікке кедергілер болғаны жайлы айтылады. Ал 2016 жылдан бері жақындастық барлық қырынан жандана түскен. 

Экономикада да байланыс нығая түскен. 2022 жылы сауда айналымы 30 пайызға бірден артып, 5 миллиард долларды құраған. 2023 жылы 4,4 миллиард болды. 2023 жылы сәл төмендеуіне Қазақстаннан Өзбекстанға автокөлік экспортының қысқарғаны себеп болған. Себебі Өзбекстан тұрғындары Қытайдың автокөлігін көбірек алды. Дегенмен Қазақстан мен Өзбекстан президенттері алдарына екі елдің сауда айналымын 10 миллиард долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Бұған жету үшін инфрақұрылымды дамыта түсу керек. Өзбекстан территориясында «Орталық Азия» деп аталған Өнеркәсіп кооперацияларының халықаралық орталығының құрылысы басталды. Аумағы 50 гектар жерде өндіріс алаңдары орналастырылады, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу технологиялары енгізіледі, үлкен қоймалар салынады және көлік инфрақұрылымы қамтамасыз етіледі. Бұл халықаралық орталық 2026 жылы іске қосылады деп жатыр. Өткен жылы   UzKazTrade деген арнайы бірлескен сыртқы сауда компаниясы құрылды. Бұл компания екі елдің тауарларын Ауғанстанның, Пәкістанның және Үндістанның нарықтарына шығарумен айналысады. 

Экономика саласында әлі де ретке келтіретін нәрселер бар. Мысалы, Қазақстанның астық өндірушілері Өзбекстанның бидайды көп сатып алуын дұрыс көрмейді. Себебі олар бидайымызды өз диірмендерінен өткізіп, қаптап, Ауғанстанның нарығына шығарады. Өзбекстан Қазақстаннан малды да көп сатып алады. Қазақстан малды шығаруға жылына екі рет шектеу қояды. Мұнай өнімдерінде де солай, жиі-жиі квота енгізіліп жатады. Осы нәрселер реттелуі қажет. Дегенмен Қазақстан мен Өзбекстан экономикаларында шет ел нарықтарында бір-біріне бәсекелес боларлық айтарлықтай салалар жоқ деп жатады. 

Қалай болғанда да, бүгінгі Келісім жемісті болады деген үміт мол. Әсіресе қорғаныс пен қауіпсіздік жағындағы қызметтестікті дамытамыз, қажет жағдайда бір-бірімізге көмектесеміз дегендері жақсылықтың нышаны болып тұр. Ұзағынан сүйіндірсін. 

«Сағаты – 100 миллион теңге»: Тұрсен Алагөзовтің бір күндік образы белгілі болды «Алматының түндері-ай»: Қайрат Нұртас орындайтын әннің авторы туындының қалай хитке айналғанын айтты Шалыс басқан жастарға жазаны жеңілдету ұсынылды Украинада 300-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін Шымкент әкімі де футболға бөлінетін қаржыны қысқартатын болды АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады