«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 2023 жылғы наурыз айында өткен сайлауда жеңіске жетіп, Парламент Мәжілісінде 8 орынға ие болды.
Нәтижесінде Мәжілісте «Ауыл» фракциясы құрылып, депутаттар партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға жұмыла кірісіп кетті.
Үш ай ішінде Фракцияның сегіз отырысы өтті. Онда Парламент қабырғасында қарастырылып жатқан заң жобалары терең зерттеліп, оларға толықтырулар мен өзгертулер енгізу бойынша стратегиялық бағыт-бағдар айқындалды.
Ауылды дамытпай Қазақстанды гүлдендіре алмайтынымызға көзіміз әлдеқашан жеткен. Еліміздің шын мәнінде индустриалды-аграрлық, яғни, өзін-өзі қамтамасыз ететін, дамыған және қауіпсіз болуын мақсат еткендіктен «Ауыл» партиясы өзінің «Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне негізделген даму курсы» атты сайлауалды платформасын жария еткен болатын. Қазіргі уақытта сол бағдарламаның орындау жолында белсенді жұмыс жасаудамыз.
Қазіргі таңда «Ауыл» ХДПП өз электоратының сандық және сапалық әлеуетін күшейтуді, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенділерін мүшелікке алу жұмысына ерекше мән беруде. Соңғы бір жыл ішінде «ауылдықтардың» қатары 70 мыңға артып, партия мүшелерінің саны 300 мыңнан асуы соның дәлелі. Өңірлерде 20 филиал мен 1200-ден астам партия ұйымдары жұмыс істейді. Барлық деңгейдегі мәслихаттарда «Ауыл» партиясының 226 депутаты бар болса, 34 мүшесі ауыл әкімдері болып сайланды.
Халықтың 38,2%-ы немесе 7,5 млн астам адам ауылды жерлерде тұратынын ескерсек, партияның басты назары ауыл проблемаларын шешу, агроөнеркәсіп саласын дамыту мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту екені айтпаса да түсінікті болар.
«Ауыл» Фракциясының мүшелері сессия басталысымен-ақ бірқатар заң жобаларына бастамашылық жасады.
Нақты айтқанда, фермерлерге ауадай қажет Агробанк пен қоғамды алаңдататын Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобаларын әзірлеу қолға алынды. Бұл жобалар Мәжіліске әлі ұсынылмаса да. жан-жақтан пысықталып, зерделенуде.
Мәжілісте қарастырылатын заң жобаларын мейлінше кеңірек қамту үшін Фракция депутаттары барлық тұрақты комитеттердің құрамына енді.
Партия атынан сайланған депутат Серік Егізбаев Аграрлық комитетті басқарса, елге танымал Жигули Дайрабаев оның белді мүшесіне айналып отыр.
Ауылды елді мекендердің проблемаларын қойын дәптеріне түртіп жүретін Анас Баққожаев экономикалық реформа және өңірлік дамуға жауапты депутаттық топтың құрамына кірді.
Қаржы мамандығын игерген Қарақат Әбден бюджетке жауапты комитеттің мүшесіне айналды. Николай Арсютин Заң шығару және сот-құқықтық реформа, Ерболат Саурықов Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік, Таңсауле Серіков әлеуметтік-мәдени даму, ал Аян Зейнуллин Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитеттерінің құрамына енді.
Қазіргі уақытта Мәжіліс қарауында 54 заң жобасы болса, соның 31-і Фракция депутаттарының жеке назарында.
Осы күнге дейін Фракция мүшелері заңдарға 81 толықтыру енгізді. Тарқатып айтар болсақ, жайылымдарға қатысты 13, қоғамдық бақылау туралы заң жобасына 4, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 15, көші-қон сұрақтары аясында 11 бастама жасады. Фракция жетекшісі А.Баққожаев қоғамда резонанс тудырған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасын әзірлеушілердің бірі атанды.
Бұл заң жобасы 14 маусымда Мәжіліспен қабылданып, Сенатқа жіберілді. Заңның басты міндеті - әлеуметтік желіде азаматтарды қорлау секілді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан азаматтарды қорғай отырып, саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Заңға сәйкес енді бұдан былай жалған ақпарат орналастыратын немесе тарататын онлайн- платформаларды пайдаланушылар 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапқа тартылатын болады.
Фракция депутаттары алыс-жақын елді мекендерден келіп жатқан өтініш пен арыздарды зерделеп, түйіні шешілмеген сұрақтар бойынша тиісті органдарға депутаттық сауал жолдап отырады.
Сессия барысында «ауылдықтар» Бас прокурорға, Премьер – Министрге мен оның орынбасарларына, орталық және жергілікті атқарушы органдарға, өзге де ведомстволарға ұзын саны 46 сауал жолдаған, оның 12-сі Мәжілістің жалпы отырысында жария етілді. Сауалдардың басым көпшілігі агроөнеркәсіп, ауылдық аумақтар және табиғатты пайдалану, әлеуметтік мәселелер мен экономикаға қатысты болды.
Фракцияға келіп түскен 118 өтініштің барлығы қаралып, оның авторларына тиісті көмек пен жауап берілді.
Олардың 54-і шағымданушылармен жеке кездесу барысында, 35-і Мәжілістің, 8-і партияның ұйымдастырған қоғамдық қабылдауларында, 21-і E-Otinish жүйесі бойынша келіп түскен.
Сәуір айында Ақтөбе облысының фермерлерімен проблемалық несиелер бойынша кездесу өтті. Олардың шешімін тезірек табу үшін Фракция депутаттары Аграрлық несие корпорациясы басшылығымен кездесіп, соңынан Ақтөбе қаласында Аграрлық комитеттің көшпелі отырысы ұйымдастырылды. Мәселенің ізін суытпай өткізілген шара бұл проблеманы «ауылдықтардың» бұрыннан назарда ұстап отырғанын көрсетті.
Фракция мүшелері Мәжілістің әр отырысын тиімді пайдалануға тырысатыны қуантады. Мысалы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің төрайымы М.Әбілқасымованың баяндама жасауға келген сәтін пайдаланып, Ж.Дайрабаев ресейлік «КамАгро» компаниясынан зардап шеккен шаруаларға көмек көрсету бойынша оның уәдесін алды.
Фракция ақпараттық алаңда да белсенді жұмыс атқаруда. І сессияның алғашқы күнінен бастап депутаттардың көтерген мәселелері мен ұсыныстары БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған 3704 материалға түрткі болды. «Ауылдықтар» телеарналар, газет пен радио өтініштерін де толық орындап келеді. Тікелей эфирлерге қатысып, сұрақтарға жауап беріп, өзінің жұмысы туралы кең көлемде ақпаратпен бөлісіп отырғаны соның айғағы.
«Ауыл» партиясының депутаттары жігерлігімен көзге түсті. Мысалы, Аян Зейнуллин киікті адамнан емес, адамды киіктен қорғаудың амалын ұсынды. Ал Серік Егізбаев полигонға берілген жерлердің тағдыры туралы нақты сұрақ қойды.
Халықаралық қатынастарда да партия белсенділігі жоғары. Сондықтан болар, Түркі елдерінің Парламент Ассамблеясының жанында құрылған экономикалық ынтымақтастық бойынша комиссияға жетекшілік ету Анас Баққожаевқа жүктелді.
Ал жақын арада Мәжілістегі партиялық фракциялар «Орталық Азия – Қытай» саяси партиялар диалогының бірінші отырысына қатысу үшін Бейжіңге барып келді. Іс-шарада Орталық Азияның бес елінің саяси ұйымдарының өкілдері жиналған болса, Қазақстан атынан алты партия қатысты, оның ішінде «Ауыл» да бар.
Сапарды пайдаланып «ауылдықтар» Қытайдағы Ауыл шаруашылығы банкі басшылығымен кездесіп, тәжірибесімен танысты.
Анас Баққожаев:
Мәжілістің VIII шақырылымының ерекшелігі сол, Парламент қабырғасында Қоғамдық палата құрылды, оған алты партия кірді. Өз басым бұл бастаманы құптаймын. Оның маңызы өте жоғары деп есептеймін. Себебі, Палатада жүрген депутаттардың көзқарасы бір бөлек, қоғамдық ортада жүрген белсенді азаматтардың көзқарасы өз алдына бір бөлек. Қоғамдық палата әр тараптың ойын ескере отырып, өзекті мәселелерді қызу талқылауға мүмкіндік береді.
Бір ғана адамның кері ойы немесе қарсы пікірі болса, соған ерекше мән беріліп, қосымша талқыға салынады. Ешкімнің өзгеше пікірі назардан тыс қалмайды, міндетті түрде қаперге алынады.
Тағы бір маңызды жәйт – VIII шақырылымның жұмысы толығымен дерлік таза мемлекеттік тілде жүргізілуі – бұл көрсеткіш 90-95% жетіп отыр. Мәжілістегі барлық орыстілді азаматтардың өздері қазақша сайрап отырған жайы бар. Осы күнге де жеттік, байқасаңыздар. Жіберген депутаттық сауалдарынан бастап, салыстырмалы кестелерді әзірлеу мен заң мәтіндерін талқылауға дейін бәрін таза қазақ тілінде жүргізу оң үдеріске айналып келеді.
VIII шақырылымның тағы бір ерекшелігі жаңа сайланған депутаттардың әмбебаптығында. Алты партия мықты деген азаматтарын іріктеп жіберудің арқасында Мәжіліс отырыстары аса жоғары белсенділікпен өтуде. Ол аз болса, депутаттар әлеуметтік желілерде де ерекше белсенді, құқықтық жағынан өте сауатты, әртүрлі тақырыптардан хабардар болып отыруға тырысады. Қоғаммен кері байланыс жақсы орнатылған, түрлі сұрақтармен келген азаматтарды қабылдау жақсы жолға қойылған, кідіріс жоқ. Осы жолғы сайланған депутаттар толық ашық деуге негіз бар, журналистердің ыңғайсыз сұрақтарынан қашып-пысып жүрген ешкімді байқамадым. Жаңа Қазақстанды құратын шақырылым ғой жалпақ тілмен айтқанда. «Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» деген қағидамен жұмыс істейтін Парламент жасақталды, қорыта айтқанда. Жеке басым осындай әсерде қалдым.
Таңсауле Серіков:
Мен Парламентте мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, балалардың мүддесін қорғаймын. Ғылым жолында жүргендіктен, осы саланың да қордаланған проблемаларын көтеріп, тиісті органдарға жеткізуге қолымнан келгенше тырысамын. Кезінде қатты жаныма батқан мәселелерді, жан айқайымды қалай және кімге жеткізсем болады, құлақ асатын біреу болса ғой деп күйзеліп, іштей армандап қана жүруші едім. Қазір міне, осындай мүмкіндік туды, мен соны қалт жібермей, орынды пайдалануға тырысамын.
Қазір авиакомпанияларда, қоғамдық көліктерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын дені сау азаматтармен теңестіріп, оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды қолға алдым. Кезінде бұл сұрақтарды мен тек қана жобалап, ойымда ғана ұстап жүруші едім. Парламент қабырғасында осының барлығын іс жүзіне асырып, өзім секілді жандарға нақты іспен көмектесудің жақсы мүмкіндіктері пайда болды. Мен оны орынды пайдаланып, ел игілігіне асыруға білек сыбана кірісіп кеттім.
Өткен үш айдың өзінде ғана біраз проблемаларға бойлап, оларды жан-жақты зерделеп, бюрократиялық шектеулер мен «шикі» заңдардың осал тұстарын қайта қарап, түзетулер енгізіп, жетілдірумен айналысып жатырмын. Мен осы уақыт аралығында Парламентте отырып қана қоймастан, аймақтарға шығып, ортопедиялық-протездік орталықтарға барып, онда ем-дом алып жүрген қазақстандықтармен, мамандармен кездесіп, саланың проблемаларын өз ауыздарынан естіп-біліп жатырмын. Оларды дәл қазіргі таңда не мазалауда, не жетіпсейді, заңнын қай тұстары көмектесудің орнына кедергі жасауда? Солардың бәрін мұқият тыңдап, ұсыныстар мен арыздарға толы папка етіп жинастырып, енді жұмысқа пайдаланудамын. Жұмыс осылай қарқынды жүре берсе, жақын арада-ақ нақты оң өзгерістердің нәтижелерін көріп қалармыз деген сенім де жоқ емес.
Жигули Дайрабаев:
VIII шақырылым Мәжілісінің басты ерекшелігі сол, осы жолы шын мәнінде халықтық депутаттар сайланды. Олардың барлығы өндірістен шыққан, өмірлік тәжірибесі мол, мәдениетті, аса білімді, халыққа жақын жүретін азаматтар. Мен Қазақстанды ескі, жаңа деп бөлмеймін, ең бастысы елімізге оң өзгеріс әкелетін Парламент жасақталды деп ойлаймын. Мемлекет басшысының бір-екі жылда бастаған реформаларын нақты жүзеге асыратын алғыр депутаттар Мәжіліске келді дей аламын.
Сол жұмыстан шет қалмай, әрқайсымыз ат салысуға міндеттіміз. Түркістанда өткен құрылтайда Президент айтқандай, қоғамда бір ғана реформа өткізу аз, оны іске асыруға жұлқынып тұрған адам қажет. Ата заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз, сондықтан барлық салмақты Президентке, Үкіметке салып қою дұрыс емес, бұл барлығымызға ортақ жауапкершілік пен міндет. Жаңа қоғам, Жаңа Қазақстан аяғы салбырап аспаннан түсе салмайды, оны құру қажет, тер төгіп, қолмен жұмыс жасау керек. Сонда ғана әділетті Қазақстан орнайды. Бос сөзбен, жалған ұранмен іске көмектесе алмайсың. Жаңа Қазақстанды орнатуды әрбіріміз өзімізден бастауымыз қажет. Сонда ғана мардымды нәтиже күтуге болады.
Николай Арсютин:
Парламент Мәжілісіне келу мен үшін өте маңызды оқиға. Үкімет әзірлейтін заң жобаларын қарауға, басқаруға, жетілдіруге мүмкіндік бар екенін түсіну, сөзсіз, үлкен жауапкершілік. Мәжілістегі жұмыс - бұл басқа деңгей. Депутаттың жай ғана қоғамдық негіздегі халық өкілі екендігі үйреншікті түсінік емес. Мәжіліс - бұл мемлекеттің жұмысы. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік, оны, бірінші кезекте, партия мен сайлауда бізді қолдаған сайлаушылар алдында ақтау керек.
Серік Егізбаев:
Осы аз ғана уақыт ішінде Мәжіліс қабырғасында қызмет етіп жүргендегі басты байқағаным - депутаттық қорпустың үштен төрт бөлігі жаңарған. Оған қоса Парламентке алғаш рет бірден алты партия еніп отыр. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай емес па?! Тағы бір көзге түсетін нәрсе, ол Мәжілістің осы шақырылымына мықты тәжірибелі мамандардың келуі. Әсіресе Аграрлық комитетке ауылда қара жерде жұмыс істеген нағыз мамандар келді. Яни Мәжілісте ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғап, жоғын жоқтайтын азаматтар отыр деуге толық негіз бар.
Қай аймаққа жұмыс сапарымен шықсақ та, кездесуге жиналғандардың қолдауын сеземіз. Агробанк болсын, техника сатып алу мәселесі болсын, қандай проблеманы талқыласақ та, бастамаларымыз ауыл тұрғындарының көңілінен шығып жатады. Демек, біздік алған бет алысымыз дұрыс деген сөз. Осы алған бағыттан таймау қажет деп ойлаймын.
Қарақат Абден:
«Ауыл» партиясына қаншама қазақстандық сенім артып, дауыс берді. Біздің мақсат – сол сенімді ақтау. Фракция Мәжілістегі жұмысын өте жақсы бастап кетті дер едім. Бет алысы жаман емес. «Ауылдықтар» болғасын, Парламент қабырғасында ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер көп көтеріледі. Соған қоса әлеуметтік сұрақтар да біздің назардан тыс қалмауы керек деп есептеймін. Ол – әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылықты болдырмау, жас ұрпақтың тәрбиесі, «адал азамат» ұғымына сай саналы ұрпақ өсіру. Осыған байланысты I сессия кезеңінде «Ауыл» ХДПП аймақтардағы филиалдарының барлығында әйелдер ісі жөніндегі консультативті кеңестер құру туралы бастама көтерілді. Ол қазіргі таңда ұйымдастырушылық деңгейінде, көп ұзамай жұмысын бастап кетуі тиіс.
Тағы бір маңызды жәйт бар. Осы үш ай жұмыс барысында үш өзекті мәселеге қатысты депутаттық сауал дайындап, Үкіметке жіберіппін. Оның ішінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін салықтан босату мәселесі бар. Бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасында да көрініс тапқан еді. Сондай-ақ Мәжіліс мінберінен студенттердің шәкіртақысын көтеру мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жағдайы туралы сұрақтар көтерілді. Алдағы уақытта әйелдердің қоғамдағы белсенділігіне қатысты тағы бір депутаттық сауал әзірлену үстінде. Бір өкініштісі, әлі күнге дейін әйел адамдар көп жағдайда саясатқа, елді басқару ісіне аз араласады, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін атқарылатын жұмыс өте көп.
Жақын арада Фракцияның депутаттары болып, сайлаушылармен кездесуге аймақтарға шығамыз. Мен Ұлытау және Ақмола облыстарына сапар кезінде қалалар мен аудан орталықтарына барып, шалғай жатқан ауылдардың тыныс-тіршілігімен етене жақын танысып, сол жердің тұрғындарының хал жағдайларын біліп қайтсам деп жоспарлап отырмын.
Аян Зейнуллин:
«Ауыл» партиясының мүшесі ретінде мені еліміздегі барлық өзекті мәселелер толғандырады. Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне мүше болғандықтан қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелерге құқықтық баға беріп, тиісті заң жобаларымен жұмыс атқару – өте маңызды.
Үш айдың ішінде біздің Комитет Екібастұз, Теміртау қалаларында бірнеше көшпелі отырыстар өткізіп, өңірлердегі халықтың проблемаларын өз көзімізбен көріп қайттық, олар бойынша жұмыс атқарып жатырмыз.
«Жасыл экономиканы» дамыту, қалдықтармен жұмыс істеу, су қорын пайдалану мен қорғау, орман шаруашылығы, атом энергиясы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою күн тәртібінен түспейтін, шешімі күттірмейтін өзекті мәселелер қатарында.
Ерболат Саурықов:
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашылық еткен бірқатар жүйелі реформалар өзінің тыңғылықты нәтижесін бере бастады. Мәжілістің VIII шақырылымының депутаттар корпусын соның бір айғақ дәлелі ретінде келтірер едім.
Бұл жолы жасақталған Мәжіліс шетінен жас, жігерлі, білікті, өндірісте мол тәжірибе жинақтап шыққан, нағыз еңбекпен ысылған азаматтардан құралған. Тағы бір көзге түсетін нәрсе, депутаттар арасында әлеуметтік желілерде белсенді де беделді блогерлер аз емес. Бұл бір жағынан, халықтың көңіл күйін сезінудің, олардың сұраныс-өтініштеріне тез арада ден қойып, кері байланыс орнатудың жақсы мүмкіндігі. Мен өзім ауыл мектептері мен үлкен қалалардан тысқары жатқан елді мекендерді байланыстыратын автомобиль жолдарының жағдайына ерекше мән беріп, арнайы Үкіметке жасаған депутаттық сауалдарым да бар. Біз «ауылдықтар» болғасын, әркез ауыл тұрғындарының хал жағдайына, болашағына алаңдап отырамыз. Бұл мәселе ешқашан да күн тәртібінен түспек емес.
Бірер күндерден соң өзім туып өскен өлкем Жамбыл облысына барып, жерлестеріммен кездесіп, оларды дәл қазір мазалап жүрген проблемаларды түртіп алып, күзде жаңа сессияға келгенде күрмеуі қиын мәселелерді шешуге білек сыбана кірісеміз деген жоспар бар.