Үкімет саламыз деп білек сыбанғанымен, керегі жоқ деп мойнын созып жатқан халық өкілдері аз емес. Сөйтіп құрылыс басталмай тұр. Үкіметке салсаңыз бүгін-ақ инвесторларды қаптатып, істі бастап жіберсек дейді. Сонымен, ақылдаса келе президент бұл нәрсені халықтың талқысына салуды дұрыс көрсе керек. Бұл жөнінен алдағы күзде референдум өтетін болды. Әзірге референдумның өтетін күні белгіленген жоқ, дауыс беруге шығарылатын сұрақтардың қандай екені де белгісіз.
Ал әзірге өңірлерде атом электр станциясын салуға байланысты жария талқылаулар жүріп жатыр. Ондай жиындар Ақтау, Қарағанды, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өтті. Атом электр станциясы салынуы мүмкін деген Алматы облысындағы Үлкен ауылында да жария талқылау болды. Мемлекет тарапынан атом электр станциясына еліміз зәру, мұнсыз экономикамыз алға баспайды, мұндай станция көп елде бар деген сияқты уәждер келтірілгенімен де ел ішінде бұған қарсы адам көп. Ол түсінікті де. Қазақстан халқы өз тарихында атом бомбаларына ондаған жыл үздіксіз сынақ өткізген Семей полигонының зардабын қатты көрген.
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша кезекті жария талқылау 17-шілдеде Атырауда өтті. Талқылауға ондағы жұрт Мұнай және газ институты жанындағы Нұрлан Балғымбаев атындағы даму жәнекоммуникациялар орталығына жиналды. Әдеттегідей мұндай жиынға жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, экологтар мен энергетиктер, ардагерлер мен оқытушылар қатысып жатады. Сарапшы ретінде «Қазақстандық атом электр станциялары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және ядролық физика институтының басшылары мен жетекші мамандары шақырылады. Сол сарапшылар баяндама жасайды. Атырауда да солай болды. Сарапшылары әлемдегі атом электр станциялары туралы және ондай нәрсенің Қазақстандағы құрылысына дайындық жайында баяндады. Олар атом электр станциясы салынған жағдайда заманауи, қауіпсіз реакторлық технологиялар қолданылады дегенге келтірді. Бірақ жиынға қатысушылардың ішінде атом электр станциясына қарсылығын, оны қауіпсіз деп халықты көндіруге тырысудың керегі жоқ екенін ашық айтқандар болды. Белсенділердің бірі Экология министрлігін халықты алдамауға шақырды. Белсенділердің талабы орынды. Олар сарапшыларды сынға алып, атом электр станциясының артықшылықтарын ғана әңгімелейтінін, экологиялық зардабын сөз етпейтінін айтты. Халық ішінен сұрақ қойғандар аз емес. Ядролық қалдықтар қалай сақталады немесе қалай залалсыздандырылады, ондай ірі жобаның құрылысын жемқорлық жайламай ма, жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні апат болмайтынына кім кепіл деген сияқты сұрақтар туындап, ортаға салынды. Шынында, жиынның барысын мақаласына арқау еткен басылымдар атом саласының мамандары атом электр станциясы қауіпсіз дегенді көбірек айтқанын келтірген. Мамандардың сөзінше ядролық отын қалдық боп саналмайтын көрінеді. Бүгінде пайдаланылған ядролық отынды өндіру, өңдеу және кәдеге жарату әдісі қолданылады дейді.
Жиналғандардың ішінде атом электр станциясы жөнінен қай елдің технологиясы мықты екенін білгісі келгендер де болды. Нақты мына елдің технологиясы ең мықтысы деген жауап айтылмады. Су энергетикалық реакторы ең қауіпсіз технология екені сөз болды. Атыраулық белсенді Макс Боқай «Уран байытатын өндіріс жасай алмасақ, атом электр станциясын қалай саламыз? Шикі уран сатуда бірінші орындамыз. Мүмкін шикі уранды байытатын технологияларды алып келіп, содан кейін барып атом электр станциясына көшерміз?» деген мәселені көтерді. Мұның қандай да бір тұщымды жауабы естілмеді. Қазақстан шикі ураннан бөлек, ядролық отынды да дайындайды деді мамандар.
Атом электр станциясының құрылысына алаңдаушылықпен қарап отырған білікті адамдар да аз емес. Басылымдар «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Галина Чернованың уайымын келтіріпті. Чернова Фукусима мен Чернобыль апаттары адамдарды атом электр станциясына сақтықпен қарауға мәжбүрлегенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, атом электр станциясы салынады деген Алматы жақтағы Үлкен ауылы жоғары сейсмикалық аймақ. Сондай-ақ Чернова экологтар суы пайдаланылады делінген Балқаш көлінің тартылып бара жатқанына алаңдап отырғанын ескертті.
Бұған дейін жиі айтылып келген әңгімеде атом электр станциясын салуға екі жер таңдалғаны келтірілген. Ондай станцияны Балқаш көлінің маңынан салу жоспарланған. Ал бұл жоспарға деген қоғамның сыны көп. Үкімет атом электр станциясы энергетика дағдарысынан құтқарады дейді. Бірақ экологтар суы онсыз да тартылып жатқан Балқашқа атом станциясын салу қауіпті екенін алға тартады. Атом электр станциясын салуға қолайлы орын деп есептелген Алматы облысындағы Үлкен ауылында былтыр жария талқы өткен еді. Жиын адамдардың айқай-шуымен тараған. Себебі қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың арасында қарсы сөздер көбейіп кеткен еді.
Атыраудағы жиыннан екі күн бұрын жария талқылау Қарағандыда да өткен. Көз үйренгендей, сарапшылар атом электр станциясын салу маңызды екеніне басымдық бере сөйлейді. Ал жиналған жұрт бұған қарсылығын айтады.Қарағандыда да қарсы адам көп. Атом электр станциясы салынады деген Балқаш көлінің бір бүйірі Қарағанды облысында созылып жатыр. Мұнда эмоцияға беріліп, айқай шығарған жергілікті тұрғын болыпты. Ол атом электр станциясын салуға қарсылығын айқаймен көрсеткен ғой. Ойбайлап қарсылық көрсеткеніне қарамай залдан шығарып жіберіпті. Бұл адам жиналғандарға атом электр станциясын Ресей салмақшы, естеріңді жиыңдар, кімге сеніп отырсыңдар деген тұрғыда айқай көтерген деп жатыр.
Ал шындығында, Қазақстан атом электр станциясын салуды қай мемлекетке тапсыратынын әзірге нақтылап шешкен жоқ. Үкімет Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей елдерінің тізімін жасап, қайсысына таңдау жасарын ойланып отыр.
Сарапшылар Қазақстанда энергия тапшылығы барын, бұл мәселе жылдан-жылға ушыға беретінін айтады. Олардың пікірінше, атом электр станциясын салу - ең дұрыс шешім. Қазақстан қашанғы көмір станцияларымен отырады, атом энергиясы таза энергия көзіне жатады дегенді айтады. Өзбекстанды мысал етті. Өзбекстанда Қазақстан шекарасына таяу жердегі Тұзқан деген көлдің жағасына атом электр станциясы салынатын болыпты. Өзбекстан үкіметі бұл мәселені референдумсыз-ақ шешіп отыр деген сөзді сарапшылар екпіндете айтып қалды.
Жазылып жатқан деректерге қарағанда, Қазақстан атом электр станциясының құрылысына шамамен 10-12 миллиард доллар қаржы жұмсап, 6-8 жылда салып бітуді ойластырып отырған көрінеді.