SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Сәрсеновке үш бап бойынша (адам өлтіру, ұрлық және қаруды заңсыз сақтау) айып тағылып отыр. 3 қыркүйекте куәгерлер мен күдіктінің өзі сотта жағдайды баяндады. Сот отырысында марқұмның көршісі, оның азаматтық некедегі жолдасы мен сот процесіне жәбірленуші ретінде қатысып жатқан қызының айғақтары тыңдалды.
Көршісінің айтуынша, сол күні, яғни 25 сәуірде түскі астан кейін күйеуі екеуі "Мерей" базарына барған. Үйге қайтып келе жатып, кіреберісте Надежда Никитинаның пәтеріне кіре алмай тұрған қызды байқаған. Ол домофонды қанша басса да жауап ала алмапты.
"Кіреберісте тұрған қызға есік ашып бердім. Сосын жоғарыға бірге көтерілдік. Есік жабық еді, қыз тұтқаны тартқанда ашылды. Сосын ол менен өзімен бірге жүруді өтінді. Пәтерге кірдік. Ол пәтер иесінің аты мен тегін атап шақыра бастады. Оны ас үйден, қонақ бөлме мен жатын бөлмеден іздеп, соңғы бөлмеден таптық. Надежда диванда жатыр еді. Қыз оның қасына келіп, қолын ұстап, суық екенін айтты. Оған жақындамадым, мойнында кесілген жері барын байқадым. Алайда ешқандай қан көрмедім. Еденде файлдары бар папка болды. Бірден үйдің үлкеніне телефон соғып, келуін өтіндім. Ол келіп, полиция мен жедел жәрдем шақырды. Дәрігерлер келген соң кетіп қалдым. Кейін үйіме полиция келді. Сол күні мен күдікті адамдарды көрмедім. Марқұмның пәтерінің үстінде тұрамын. Таңертеңнен түскі асқа дейін ешқандай шу мен айғай естіген жоқпын", – деді Орал қаласының тұрғыны.
Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсан айынан бері марқұм Надежда Никитинамен бірге тұрған Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының тұрғыны Владимир куәгер ретінде шақырылды. Судья Асланбек Дүйсенғалиев одан "сотталушыны танисыз ба" деп сұрады. Ол оны сырттай танитынын және қайғылы оқиғаға дейін – 24 сәуірде көргенін айтты.
"23 сәуір күні кешке ол сотталушыға дауыстық хабарлама жолдап, "Күнделік" электрондық жүйесі (Қазақстанның барлық оқу орындарын біріктіретін автоматтандырылған электрондық жүйе) істемей тұрғанын айтты. Ал ол келесі күні келуге уәде берді. 24 сәуір күні таңертең Ақсайға іссапарға кеттім, бірақ Бөрліге жетпей көлігіміз істен шықты. Басшылыққа хабарласып, Оралға қайтаруды ұйғардық. Бізге тағы бір көлік келді, сүйреп әкетіп, қалаға жеттік. Пәтерге кіріп, кроссовкасын көріп, оның үйде екенін білдім. Надежда Владимировнадан оның қашан кететінін сұрадым, ол 10 минуттан кейін шығады деді. Оны ас үйде күттім. Ол жеті минуттан кейін киініп, пәтерден шықты. Сәуірдің 25-і күні таңертең ерте тұрып, таңғы ас іштік, Сәрсенов қазір келуі керек деді. Сосын “ол не үшін келеді, кеше ғана келіп еді ғой” дедім. Ол құжаттарын шығаруға көмектесетінін айтты. Бұған дейін ол маған тіркеу куәлігін, жеке куәліктің көшірмелерін, WhatsApp желісіндегі жеке кабинетін жіберіп, оларды өшірмеуімді өтінді. Сол күні сабаққа бір қыз келуі керек екенін де білдім", – дейді куәгер.
Сондай-ақ Владимир Никитаның қаржылық жағдайына ешқашан қызығушылық танытпағанын және жалақысының қанша екенін білмейтінін айтты. Ол жұбайының ата-анасының үйінің сатылғанын ғана білген. Ерлі-зайыптылардың ортақ бюджеті болды және оны негізінен марқұм басқарған.
Марқұмның қызы Кристина Мишинаның айтуынша, ол сотталушыны соңғы рет 2023 жылы көрген. Бірақ оны жеке танымайтынын айтты.
“25 сәуірде Самара қаласында болдым. Сағат 13:00-де мектептің бас мұғалімі телефон соғып, анам жұмысқа шықпағанын айтты. Анам ешкімге ескертпепті. Бұрын соңды олай жасаған емес. Бірден үрейлене бастадым. Сосын Оралға кетуге дайындалдым. Лиза Капустинаның анама жақын маңда тұратынын біліп, қоңырау шалып, анамның пәтеріне мүмкіндігінше тезірек баруын өтіндім. Әжемді жақында жерлегендіктен, анамның жүрегі ауырып, есін жоғалтып алған шығар деп ойладым. Лиза екеуміз телефонмен сөйлесіп отырдық. Ол анамның пәтеріне домофон арқылы қоңырау шалғанымен, жауап ала алмады. Лизаға кіреберіс есігін ашып берген әйелдің дауысын естідім. Ол анамның пәтерінің есігін ашып, анама қоңырау шалды. Сосын телефонды өшіре салды. Бес минуттан кейін қайта қоңырау шалып, анамның қайтыс болғанын айтты. Оралға келген соң бірден анамның үйіне бардым. Үйде ешқандай жанжал болмаған. Бәрі бұрынғыдай сол қалпында тұр” – деді жәбірленуші.
Марқұмның қызының сөзінше, анасы теңізге барса да алтын бұйымдарын шешпейді.
“Ол үнемі екі алқасын тастамай тағып жүретін. Олардың бірінде Құдай Ана бейнеленген. Екіншісінде інжу-маржан бар. Одан бөлек сырғалары, үш сақинасы мен білезігі болатын. Алтын бұйымдарды сотталушының алып, жасырғаны белгілі болды. Алайда белгіше түріндегі алтын кулон мен білезік әлі табылған жоқ. Сотталушыны заң шеңберінде жазалауды сұраймын”, – деді марқұмның қызы.
Сот отырысында күдіктіден де жауап алынды. Ол марқұммен 4-5 жыл бұрын ортақ досы Ранида арқылы танысқанын айтты. Темір Сәрсенов Надежда Никитинадан компьютерін жөндеуге көмектескені үшін ешқашан ақша алмағанын айтты. Сөзінше, соңғы рет Никитина оқушыларымен онлайн сабақ өткізе алмағанын айтып, жүгінген екен.
“Надежда Владимировнаға 25-і күні сағат 10:00-де келетінімді айттым. Сол күні таңертең қызымды жұмысқа алып бардым. Сосын “Общества слепых” орталығына, одан шығып үйге бардым. Надежда Владимировнаның үйіне бес минут бұрын келдім, ол маған есік ашты. Ішке кірсем, ас үйде 8-10 жас шамасындағы кішкентай қыз отыр екен. Сосын жұмысыма кірістім. Ноутбугымды Wi-Fi желісіне қостым. Біраз уақыт өткен соң қыз кетіп қалды. Содан кейін ол маған қолын тигізді. Мүмкін мен оны дұрыс түсінбеген шығармын. Маған ол ыңғайсыз көрінді. Оның үстіне маған адамдардың қол тигізгені мүлдем ұнамайды. Сосын үнсіз орнымнан тұрып, есікке қарай жүрдім де, аяқ киімімді киіп, сыртқа шықтым. Кіре берісте бауымды байлап, барлық жұмыс құжаттамаларым бар флешкамды ұмытып кеткенімді түсіндім”, – деді күдікті.
Темір Сәрсенов заттарын алу үшін Никитинаның үйіне қайта барғанын жеткізді.
“Есікті ұрдым, алайда ешкім үндемеді. Содан кейін есікті сәл ашып, ішке кірдім, аяқ киімімді шешіп, барлық бөлмелерді араладым. Ешкім көрінбеді. Кабинетіне барсам, диванда жатыр екен. Ол өзін нашар сезінген болар деп ойладым. Алайда қолы суық, денесі жылы екен. Мойнынан қан көрдім. Оған медициналық көмек көрсетуге тырыстым. Жуынатын бөлмеден орамал алып, таңғыш істеп, жүрек-өкпе реанимациясын жасадым. Оның ыңылдаған дауысы шыққан соң, қорқып кеттім. Пәтерден шығып, 10-15 минутқа шығып кеттім. Оның пәтерінде мен ғана болдым, қасымнан ешкім өтпеді. Сосын еденге отырып, анам мен қызымды ойладым. Артымнан полиция іздеп келетінін білдім. Қолым тиген заттардың бәрін жинап, кетіп қалдым”, – деді сотталушы Сәрсенов.
Сосын ол көлігіне отырып, Деповская көшесіне келіпті.
“Көпір астына жасырынып отырдым. Сосын жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдірейін деп еңбек биржасына бардым. Онда адамдар көп болды. Полицейлердің назарын басқа жаққа аудару үшін "Орал" дүкеніне барып, телефонды сатып жібердім. Марқұмның телефонынан құтылған соң, үйге бардым. Сосын "Строитель" шағын ауданына қарай бардым. Сол ауданда Надежда Владимировнаның SIM картасын жаңа телефонға қостым. Кейінірек, өз жағдайымды одан бетер ушықтырып алғанымды түсіндім. Достарыма, қызым мен анама бардым. Кешкісін мені полиция шақырды”, – деді ол.
Ол полицияның қысымынан соң өзіне қарсы куәлік бергенін айтты.
"Сен сонда болдың, сенің өлтіргенің анық" – деп олар маған айқайлай бастады. Олар маған бәрі қарсы екенін айтты. Полиция қызметкерлерінің психологиялық қысымынан кейін өзіме қарсы куәлік бердім", – дейді күдікті.
Сәрсеновті тыңдаған прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталушының бұрын берген айғақтарын оқып беруді сұрады. Судья Дүйсенғалиев өтінішті қанағаттандырып, сотталушының барлық айғақтарын сот залында толық оқыды. Темір Сәрсенов үш рет әртүрлі куәлік беріп, біріншісінде кінәсін толық мойындаған. Келесі екеуінде кінәсін мойындап, тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын егжей-тегжейлі айтып берген.
“Google Chrome браузерінде баптауларды жасап жатқанда, сол жағымда сөмке тұрғанын байқадым. Оның ішінде не барын түгел көрдім. Содан кейін оның атынан компьютерден Халық банкінің веб-сайты арқылы несие рәсімдеуді шештім. Сөмкесіндегі флэш-дискіні қосып, онлайн несиеге өтініш бере бастадым. Осы кезде бөлмеге Никитина кіріп, флешкасының компьютерге қосылғанын көрді. Ол айқайға басты. Мен шошып кеттім. Сосын оны жерге құлатып, оң қолыммен аузын жаптым. Ол сұқ саусағым мен бас бармағымды тістеп алды. Сосын одан сайын айқайлады. "Тимур, Тимур" деп айқайлағанда, оның тамағынан қыстым. Содан оның беті көгеріп кетті. Оның ақ жемпірін мойын аймағына орап, қысып тұрдым. Оны қанша уақыт ұстағаным есімде жоқ. Сосын оны босатып, адам өлтіргенімді түсіндім", – деді судья Дүйсенғалиев оқыған куәліктердің бірінде.
Прокурор мен жәбірленушінің адвокаты Сәрсеновтің соңғы айғақтарында сот-медициналық сараптамадан кейін ғана белгілі болған жайттарды айтқанын атап өтті. Бұған сотталушы мұндай мәліметтерді полиция қызметкерлерінен білгенін айтты.
Сот куәгерлер мен күдіктіні тыңдап, іс материалдарын зерделеуге көшті.