SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2020 жылы бақилық болған Бейсен Құранбекпен жары педагог Гүлмира Зербай қалай танысқандарынан бастап, марқұмның орындалмай қалған арманы, дертпен күресі және өмірінің соңғы шағында орындап үлгермей қалған арманы туралы KAZ.NUR.KZ берген сұхбатында айтып берді.
Бейсен Құранбек пен жұбайы Гүлмира Зербай журналистпен 1998 жылы танысқан.
Біздің таныстығымыз 1998 жылы басталды. Мен сол жылы Ақтөбеден Алматыға ғылыми тағылымдамаға келген едім. Оқумен қатар «СПОРТ&KZ» газетінде корректор болып жұмысқа орналастым. Бейсекең де бұрын сол газетте жұмыс істеген екен. Бір күні жұмыстас болған ағаларына амандасып, қал-жағдай сұрасуға редакцияға бас сұғады.
Сайын аға Тұрсынов Бейсекеңді бас салып «Әй, балам, үйленетін ойың бар ма?» деген екен, «Бар болса, мен сенің кәрі шешеңді бағатын қыз таптым, жүр таныстырамын» деп, мен жұмыс істеп отырған кабинетке ертіп келген. Шамасы Сайын аға көбірек мақтап жіберген болса керек, редакцияға жиі келетін болды. Біздің таныстығымыз осылай басталған еді, – дейді Гүлмира Зербай.
Ол журналистпен бірге отбасы болудағы ерекшеліктер мен қиындықтарды айта кетті. Айтуынша, марқұм жұмыстағы қиындықтарды үйде айтып отырмайтын, қызмет пен отбасының арасына шекара қойған жан болған
Журналистің жұмысының бір ерекшелігі – жиі іссапарлар. Бейсекең кезінде президенттік пулда қызмет етті, шет мемлекеттерге шығып жүрді, сондай алыс сапарларға кеткен кездерде жолына қарап, аман-есен оралсын деп тілеп, алаңдап отырған күндерім аз болған жоқ.
Жұмыстағы көңіл-күйді үйге алып келмеу деген ережесі болатын. Журналистің күнделікті тірлігінде неше түрлі жағдай болып жатады, оның барлығын үйдегі жарыңа айта берудің қажеті жоқ деп санайтын, себебі әйел баласының психикасы нәзік, оған салмақ салудың қажеті жоқ дейтін әрдайым. Яғни жұмысында қуантарлық нәрсе болса, сүйіншілеп айтады, ал жағымсыз нәрсе болса, ол жаңалықтан бізді аулақ ұстауға тырысатын, – дейді Гүлмира Зербай.
Сондай-ақ Гүлмира ханым Бейсен Құранбек анасынан жырақ қалмас үшін Президент телерадиокешенін тастап, Талдықорғанға қайта оралғанын айтты. Туған елге оралған Бейсен Құранбек «Жетісу» телеарнасын көтеруге күш жұмсап, Астанадағы талай лауазымды қызметтерден бас тартқан көрінеді.
Бұл сөзіңіз рас. Бейсекеңнің жұмыс бабымен біз бес жылдай Астанада тұрдық, ол кезде Бейсекең Президент телерадиокешенінде қызмет атқарды. Сол жылы апамыз 83 жаста болатын, баласына «Мені ауылға жібер. Ол жерде қара шаңырақ бар. Балам да бар. Кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Елге қайтайын» дегенді айтты. Сонда Бейсекең апасын ауылға апарып тастамай, керісінше барлығымыз бірге көшетінімізді айтты.
Мектепте демалыс бастала салысымен бізді Талдықорған маңындағы Мұқыры ауылына көшіріп әкелді. Кейін де Астанаға қайтып барудың, жоғарылаудың мүмкіндіктері болды. Дегенмен Бейсекең «туған жерге туың тік» деген ұстаныммен «Жетісу» телеарнасының деңгейін көтеруге бар күшін салды, – дейді Гүлмира Зербай.
Бейсен Құранбек кәсіпке адалдығы сонша, директор лауазымындағы жұмсақ креслосын «Ер адамға «тоқмейілсуге болмайды» деп қарапайым орындыққа ауыстырып қойған екен.
«Жетісу» телеарнасында басшылық жұмыс атқарған жылдарында Бейсекең өзінің журналист екендігін бір сәтке де ұмытпай, үнемі ізденіс үстінде жүретін. Өзінің айтуы бойынша, директорлықтың алғашқы айында креслоға аса бір мән бере қоймапты, «Бірақ біраздан соң байқастасам, денем жұмсақ креслоға ыңғайланып, босаңсып бара жатқан секілді. Одан қалды тоқмейілсіп, мамыражай күйге түсетін сияқтымын» деген.
Ал Бейсекең табиғатынан сергек, әр нәрсенің жай-күйін ойлап жүретін адам. Ер адамға «тоқмейілсуге болмайды» дейтін. Сондықтан ол креслодан дереу құтылып, оның орнына жай орындық алдыртқан, – дейді Гүлмира Зербай.
Сондай-ақ журналист Гүлмира Зербайға жарының желідегі парақшасында «6 жыл бойы талай тойдан, талай өлім-жітімнен қалыппын» деген жазбасын келтірді. Марқұмның жұмысқа берілгені сонша денсаулығына аса көңіл бөлмегенін жұбайы да растады.
Әрине, ол кісінің жұмыс кестесі өте тығыз болатын, сонда да шақырылған жерден қалмауға тырысатын. Ал денсаулығына келетін болсақ, жаман аурудың бір ерекшелігі бастапқы кезеңінде жанға батып ауырмайтыны. Ол кісі жұмыстан шаршағандыққа балап, өкінішке қарай, көп уақыт өткізіп алдық, – дейді Гүлмира Зербай.
Білікті журналист бала тәрбиесіне келгенде әке ретінде «Баланы беске дейін хан көтер, 15-ке дейін құлдай жұмса, 15-тен кейін досыңдай ақылдас» деген формуланы ұстанса, ал ерлі-зайыпты ретінде «Отбасылық 7 қағиданы» ұстанған. Бұл туралы Гүлмира ханым да сөз ете кетті.
Бұл қағидаларды қабылдау Бейсекеңнің бастамасы болатын, біз шаңырақ көтереміз деп шешкенде, ол кісі «Біз үйленген соң түсініспеушілік болуы мүмкін. Сонда болмашы нәрселер үшін бетіміз ашылып, ауыр сөздер айтып, арамыз ажырамау үшін бір келісімге келгеніміз дұрыс шығар» дегенді айтты. Басында маған бұл ұсыныс біртүрлі, тым ресми сияқты көрінген. Бірақ уақыт өте келе сол келісім орынды болғанына көзім жетті. Себебі осы қағидалар бір-бірімізді дұрыс түсінуге, сыйласуға негіз болды. Кешірімді болуды, ашу мен ренішке бой алдырмауды үйретті, – дейді Гүлмира Зербай.
Сұхбаттаса келе Гүлмира Зербай журналистің орындалмай қалған бір арманын айта кетті.
Әрине, Бейсекеңде арман да, жоспар да көп болатын. Өзіңіз білесіз, «Айтуға оңай» мен «Қарекет» бағдарламаларында талай әлеуметтік, отбасылық, мәдени тағы басқа мәселелер көтерілді, көптеген мәселенің шешімі табылды. Бірақ ол бағдарламаларда көбіне үлкендердің басындағы түйткілдер болатын. Яғни «Мәселенің себебінен гөрі, салдарымен күресіп жатырмыз» дейтін. Сондықтан ол кісі алдағы уақытта өскелең ұрпақты тәрбиелеумен, олардың санасын оятумен айналысуымыз керек дейтін. Келешекте өзінің, басқалардың өмірлік тәжірибесін бөлісетін, жастарды қанаттандыратын кітаптар жазамын деп жоспарлаған еді, – дейді Гүлмира Зербай.