«Болашағынан зор үміт күтіп едік»: Ресейлік белгілі скрипкашы қызды хирург өлтіргені белгілі болды
Күдікті танымал офтальмохирург ұлы боп шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ресейлік танымал скрипкашы Наталья Маурердің өліміне танымал білікті хирург күдікті ретінде танылды.
Мәскеуде Нижний Новгородтан шыққан скрипкашы, «Mrs. Russia» байқауына қатысушы, 40 жастағы Наталья Маурер жантүршігерлік жағдайда өлтірілген. Оның денесі Дубнинская көшесіндегі пәтерден табылған. Әйел өлер алдында қатты соққыға жығылып, бөлмеде күрес іздері қалғаны анықталған. Марқұмның артында күйеуі Артем Маурер мен үш баласы қалды.
Наталья Маурер қайтыс болған соң бірнеше сағаттан кейін күдікті ұсталған. Ол белгілі хирург, көз микрохирургиясы саласындағы ғылыми қызметкер Алексей Паштаев болып шықты. Ол С.Н. Федоров атындағы ғылыми-зерттеу орталығының трансплантология және оптикалық-қалпына келтіру хирургиясы бөлімінде жұмыс істеген.
Қазіргі мәлімет бойынша, Наталья мен Алексей бір-бірін таныған, ал қылмыс «кенеттен туындаған жеке өшпенділік» негізінде жасалған дейді тергеу.
Алексей Паштаев – танымал офтальмохирург Николай Паштаевтың ұлы. Оның әкесі – медицина ғылымдарының докторы, Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері, офтальмологтар қоғамының төрағасы, 600-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Анасы – оптика салондары желісінің иесі. Яғни, Паштаевтар отбасы беделді әрі ауқатты деп есептеледі.
Алексейдің өзі Мәскеуде туғанымен, мектеп пен студенттік жылдарын Чебоксарыда өткізген. Ағылшын тілі тереңдетіп оқытылатын гимназияны күміс медальмен, кейін Чуваш мемлекеттік университетінің медицина факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған. Сонымен қатар, шетел тілдері факультетін де бітіріп, кейін әкесінің жолын қуып, офтальмология саласына бет бұрған.
Алексейдің таныстары мен әріптестері бұл жаңалықты естігенде сене алмаған.
– Иә, Алексей ерке, біртүрлілеу болған. Бірақ адам өлтіретіндей емес еді, – дейді «КП – Нижний Новгород» басылымына сұхбат берген бір әріптесі.
Қазір тергеу сол күнгі Мәскеудегі пәтерде нақты не болғанын анықтап жатыр. Ал Паштаевтың 40 жылдық туған күні биыл СИЗО-да өтеді – сот оны 2 айға қамауға санкция берді. Қылмыстық іс «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге себеп болу» бабымен тергеліп жатыр.
Материал авторы