SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласында 22 маусым күні кешке ер адам бұрынғы сүйіктісін өлтіріп, оның кәмелетке толмаған бауырын жарақаттады. Қайғылы оқиға «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде кешкі сағат 20:30 шамасында болған.
Пәтерден пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың мәйіті табылды. Оқиға орнына жеткен полицейлер зорлық белгілерін анықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмысты марқұмның бұрынғы жігіті жасаған. Көршілер пәтерден айқай-шу мен жанжал дауысын естігендерін айтқан.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті үйден шығып, көшедегі адамдарға пышақпен шабуылдауға әрекеттенген. Ол сондай-ақ марқұмның кішкентай інісіне пышақ жарақатын салып, баланы аулада тастап кеткен. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық полиция департаменті түсініктеме берді:
«Пәтерден пышақ жарақатын алған адам туралы хабар түсті. Оқиға орнында зорлық белгілері бар қыздың мәйіті табылды. Сонымен қатар оның кәмелетке толмаған інісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деді ведомство өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.