Франциядағы шеру: халық неге көшеге шығып жатыр

20.03.2023, 18:28
775
Франциядағы шеру: халық неге көшеге шығып жатыр Samuel Boivin via Reuters Connectl

Франция билігі азаматтардың зейнетке шығу жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеру туралы заңды парламентте дауысқа салмай, мақұлдау туралы шешім қабылдады. Заң жобасы елде жаппай наразылық тудырып, ереуілдің өршуіне себеп болды. Франциядағы шеру туралы толығырақ smartnews.kz сайтында.

Зейнетақы жүйесін реформалау

зейнетақы жүйесін реформалау Франция президенті Эммануэль Макронның сайлауалды бағдарламасының бір пункты болған еді. Аталмыш жоба 2019 жылы жүзеге асырылуы тиіс еді. Алайда сол кезде де наразылық болып, 800 мың адам көшеге шықты. Дегенмен жаһанды жайлаған пандемия жобаны іске асыруды кейінге шегеруге мәжбүрледі. Реформаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап зейнетке шығу жасын алдағы жеті жылда – жыл сайын үш айға ұлғайту жоспарланды. Бұл өзгерістер 1961 жылдың қыркүйегінде және одан кейін дүниеге келген француз азаматтарына әсер етеді. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап толық зейнетақы алу үшін адамдар 43 жыл жұмыс істеуі керек. Елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 1200 еуроны құрайтын болады.

photoФото: Reuters/Pascal Rossignol

Ел президенті Эммануэль Макронның мәлімдеуінше, аталған реформа зейнетақы қорын күйреуден қорғау үшін қажет. Зейнетке шығу жасының өсуіне француз билігі демографиялық және қаржылық жағдай себеп болғанын айтады. Бүгінде Францияда өмір сүру ұзақтығы артты, мәселен, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы - 85 жас, ал ерлердікі – 79 жасқа жетті. Сондай-ақ үкіметтің мәліметінше, елде экономикалық өсім бәсеңсіп, зейнетақы бюджеті тапшылыққа ұшырап отыр.

Франция премьер-министрі Элизабет Борн конституцияның 49-бабының 3-тармағына сәйкес, зейнеткерлік жасын 62-ден 64-ке дейін ұлғайтуды көздейтін заң жобасы үшін бар жауапкершілікті үкімет өз мойнына алатынын жеткізді.

«Парламент комитеттері арасында қол жеткізілген ымыраны тәуекелге тіге алмаймыз. Біз зейнетақы жүйесінің болашағымен ойнай алмаймыз, реформа қажет», - деді Элизабет Борн Ұлттық ассамблея депутаттары алдында сөйлеген сөзінде.

Париж көшелері шеруден кейін қоқысқа толды

Сауалнамаларға сәйкес, Франция тұрғындарының 76%-ы реформаға қарсы. Оған қоса ел бойынша мыңдаған наразылық акцияларына қарамастан, Франция Сенаты даулы реформаны қабылдады. Алайда елдегі барлық кәсіподақ үкіметтің бұл шешіміне қарсы шығып отыр. Бірнеше аптадан бері халық наразылығы өтіп жатыр.

photoФото: Reuters/Eric Gaillard

Париж көшелері бірнеше күн бойы азық-түлік және басқа да қалдықтарға толды. Мұның себебі қоқыс жинаушылар мен өртейтін зауыттардың жұмысшылары ереуілге шықты. Олар зейнетке шығу жасын 62 жастан 64 жасқа дейін көтеруді көздейтін зейнетақы жүйесін реформалауға қарсы.

«Қоқыстың тазанбағанына 7 күн болды. Ол сасып, шіріп жатыр. Париж мэриясы төтенше шара, тіпті ішінара шара қабылдап жатқан жоқ. Бұл - қала тұрғындарын құрметтемеу болып саналады», - деп жазды Көлік министрінің орынбасары Клемент Бон.

Жергілікті тұрғындар мен туристер көшеде егеуқұйрықтар мен тышқандардың пайда болуына, жағымсыз иістің таралуына шағымданады. Мейрамханалар мен супермаркеттердің иелері антисанитариялық жағдайға алаңдап отыр. Билік қоқыс жинауға жеке компанияларды тарту арқылы мәселені шешуге тырысып жатқанын айтады.

Сенбі күні париждік демонстранттар «Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы» кәсіподағының үндеуімен астананың оңтүстігінде жиналған. Бұған дейін полиция Елисей алаңы мен Келісім алаңын қоршап алған болатын. AFP хабарлағандай, шеруге шығып, тәртіп бұзғандар контейнерлер мен велосипедтерді өртеген. Сонымен қоса жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтірген.

photoФото: Stephane Mahe / Reuters

Қала мэрі, «жасылдар» партиясының өкілі Грегори Дусе шерушілердің бұл әрекетін айыптағанымен, ел басшылығына да сын айтты.

«Биліктің бұл әділетсіз реформаны асығыс қабылдауына негіз жоқ еді. Көшеде де, парламентте де жағдай өте шиеленісіп тұр. Бұл – жүргізіліп отырған саясаттың салдары», - деді Грегори Дусе.

Страсбург пен Лилльде де мыңдаған адам митингке шыққан. Нант, Брест және Бордо көшелерінде де наразылық акциялары ұйымдастырылған. Айта кетейік, кәсіподақтар 23 наурызда тағы да жалпыұлттық ереуілге шықпақ.

photoФото: aa.com.tr

Ресми деректерге сәйкес, Француз полициясы зейнетақы реформасына қарсы наразылық шеруі кезінде 169 адамды ұстаған. Оның ішінде Парижде 122 адам: 12-сі Келісім алаңында және тағы 110-ы Италия алаңында қолға түскен. 13-аудан аумағындағы шерушілердің жалпы саны 4 200 адамды құрады. Le Figaro басылымының мәлімдеуінше, наразылық акциялары Парижден басталып, елдің Лион, Нант және Брест қалаларында жалғасқан.

Шерудің соңы қақтығысқа ұласып, манифестанттар қоқыс жәшіктерін өртей бастаған. Полицейлер шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған.

Айта кетейік, аймақ қазіргі таңда полиция қоршауына алынды. Француз БАҚ-тарының жазуынша, оқиға қалай өрбісе де, зейнетақы реформасына қарсы бұл наразылық қозғалысы 1995 жылғы ереуілдермен және тіпті 1968 жылғы мамырдағы толқулармен салыстырғанда ең ұзаққа созылған қозғалыс ретінде тарихта қалмақ.

photo
«Көршілерім құтқарып қалды»: Алматылық әйел өзіне фельдшер тиіспек болғанын мәлімдеді Астанада білім мен ғылымдағы коучингтің рөлі талқыланды Қытайдан көлік алған қазақтардың шоттары жаппай бұғатталып жатыр Қазақстан армиясы жаңа соғыс форматына бейімделіп жатыр «Миллион теңге де жетпейді»: Бақытжан Базарбек депутаттардың айлығы неге жетпейтінін түсіндірді Трамп Си Цзиньпинді «Голливуд фильмдеріне лайық образ» деп атады Шетел азаматтығын жасырған отбасы Қазақстаннан қуылды «Человек в маске» ауыр дертке шалдыққан жігіттің өмірін бір күнде өзгертті (ВИДЕО) Теңге тағы қысымда: 15 мамырдағы валюта бағамы жарияланды Шаңды дауыл, найзағай, аптап ыстық: 15 мамырда елді қолайсыз ауа райы күтіп тұр «Әкімдікке кіріп көрмегенмін»: Мақпал Жүнісова Роза Рымбаеваға жауап берді «35 жастан кейін басталды»: тойда билеген әйелдің видеосы вирусқа айналды Алматыда үйленген ер адамды аңдыған әйелге қылмыстық іс қозғалды «Өзімді Ресейдегі өзбектей сезіндім»: Алматыға келген ресейлік қыз дауға қалды Ердоған Қазақстанға үндеу жасады: Түркі бірлігі жаңа кезеңге өтті UMC Назарбаевтың жүрек операциясы туралы ақпаратты жоққа шығармады Ресейде аулада намаз оқыған өзбекстандық елден қуылды Оралда полицей қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынды Әкімнің орынбасары даулы видеодан кейін қызметінен кетті (ВИДЕО) Ақтауда полиция көлігі 1,5 жасар баланы қағып өлтірді