SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғамдық орында темекі шеккен полицейге ескерту жасаған қоғам белсендісі Азамат Кәрімовтің өзі айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
Оқиға саябақта болған. Белсендінің айтуынша, ол қоғамдық орында темекі тартып тұрған тәртіп сақшысына заңға сәйкес ескерту жасап, шағым түсіретінін айтқан. Бұл сәтті ол видеоға түсіріп, желіге жүктеген.
"Саябақ – қоғамдық орын. Мұнда темекі тартуға тыйым салынған. Мен сіздің үстіңізден арыз жазамын", – дейді видеода Азамат Кәрімов.
Оқиға орнына келген басқа полиция қызметкерлері Азамат Кәрімовтен құжаттарын сұрап, арыз қабылдау рәсімін бастайды. Сол сәтте белсенді полицей көлігіне жарнама жабыстырылғанын байқап, бұл да заң бұзушылық екенін ескертеді. Полицейлердің бірі бұл сөзге шамданып, Кәрімовке өз деректерін атауды талап етеді.
Кейін видеоға түсіру кезінде полиция қызметкері:
"Заң бойынша жеке мәліметтеріңізді айтуды талап етемін. Айтпайсыз ба? Бұл – 667-бап", – деп ескертіп, Кәрімовтің қолын қайырып, бөлімшеге алып кетеді.
Сот қоғам белсендісін "полиция талабына бағынбады" деп танып, 117 мың теңге айыппұл салған.
Кәрімов өз кезегінде полиция өкілдерін қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыптап отыр. Ол бұл оқиға бойынша Есіл аудандық полиция бөліміне қатысты жоғары органдарға шағымданатынын мәлімдеді.
"Бір ғана ескерту жасағаным үшін айыппұл арқаладым. Бұл — азаматтық белсенділікке қысым. Мен бұл істі соңына дейін жеткіземін", – дейді ол.