877

Алматыда арбадағы әкесін ұрған жігіттің видеосы жұрттың жағасын ұстатты (ВИДЕО)

Ара түскен жандарға жігіт «Әкем ғой» дейді.

Алматыда арбадағы әкесін ұрған жігіттің видеосы жұрттың жағасын ұстатты (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда мүгедектер арбасында отырған егде жастағы ер адамды соның туған ұлы ұрып жатқан сәті видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушыларын шошытқан бұл жағдай қаланың бір көшесінде болған.

Куәгер түсірген видеода жас жігіттің арбада ес-түссіз жатқан қартқа бірнеше рет шапалақпен ұрғаны анық көрінеді. Оқиғаға бей-жай қарамаған өтіп бара жатқан азаматтар жағдайды анықтап, араша түспек болады. Алайда, жігіт дөрекі жауап қайтарып:

«Бұл — менің әкем! Айып етпеңіздер, үш күн болды, таппай жүргеніме», – деп, боқтық сөз аралас ашулана сөйлейді.

Желіде тараған видеожазба қоғамда кең талқыға түсті. Желі қолданушылары мен құқық қорғаушылар қарт адамға күш қолданудың еш ақталмайтынын айтып, кінәліге шара қолдануды талап етуде.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша тексеріс басталғанын мәлімдеді:

«Әлеуметтік желілерде тараған, егде жастағы азаматқа қатысты заңға қайшы әрекеттерді көрсететін видео бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысы бар азаматтар анықталуда. Қарияға дене жарақатын келтірген азаматтың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.

Полиция өкілдері қандай жағдай болмасын, әсіресе арбаға таңылған қарияға күш қолдану – заңмен жазаланатын әрекет екенін ескертті.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор