«Барыс» хоккей клубын ресейліктер сатып алуы мүмкін
Клуб 2 млрд рубльге сатылып кетуі мүмкін дейді БАҚ өкілдері.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық «Барыс» хоккей клубының ресейлік кәсіпкерге сатылуы мүмкін деген мәлімет соңғы тәулікте жанкүйерлер арасында үлкен шу туғызды. Бұл туралы 1Bol.kz жазды.
Жекелеген БАҚ өкілдері бұл мәміленің құны 2 миллиард рубльге дейін жетуі ықтимал екенін хабарлады. Дегенмен, клуб басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.
Бұған дейін елордалық клубтың қарызы 1,7 миллиард теңге шамасында екені айтылған еді. Осыған орай, қаржылық мәселелерді шешу үшін сырттан инвестор тарту қажеттігі туралы да болжамдар айтылды. Алайда, клуб өкілдері «Барыс» сатылмайтынын және барлық жарияланған мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай қауесеттердің тууына жанкүйерлердің клуб жұмысына көңілі толмайтыны себеп. Соңғы жылдары «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмай келеді. Мемлекеттік қолдауға қарамастан, команда плей-офф кезеңінен әрі аса алмай жүр.
Сондай-ақ, «Барыстың» ҚХЛ құрамынан шығып қалуы мүмкін деген болжамдар да біраздан бері айтылып келеді. Алайда лига басшылығы бұл нұсқаны нақты түрде теріске шығарды. Себебі «Барыс» — ҚХЛ-дағы санаулы шетелдік клубтардың бірі. Қытайлық «Куньлунь» мен Беларусьтің «Динамосынан» бөлек, дәл осы қазақстандық команда лиганың «халықаралық» статусын сақтауға сеп болып отыр.
Айта кетейік, өткен маусым қорытындысы бойынша «Барыс» Шығыс конференциясында 35 ұпаймен 12-орын алды. Команда 68 матчтың тек 14-інде ғана жеңіске жетіп, қалған 54 ойында қарсыластарына есе жіберген.
Материал авторы