Астанада кран құлап, қаза тапқан жұмысшының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды
Жұмыс уақыты аяқталар шақта жұмысшы кісі қаза болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада құрылыс алаңында кран құлап, жұмысшы мерт болды. Қайғылы оқиға 18 шілде күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
«Құрылыс нысанында кран құлау салдарынан ішінде болған ер адам ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ресми мәліметте.
Оқиға елорданың «Абырой» тұрғын үй кешені маңындағы құрылыс алаңында болған. Куәгерлердің сөзінше, қатты желдің салдарынан кран аударылып, жұмысшыны басып қалған. Ол оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
Кран апатына қатысты пікір білдірген BI Group компаниясы құрылғының техникалық ақауы болмағанын алға тартты.
«Кран толыққанды техникалық тексеруден өткен, жұмыс күні басталар алдында стандартты бақылау жүргізілді. Қайғылы оқиға кезінде краншы жұмысын аяқтап жатқан. Ауа райына байланысты дауылды ескерту төтенше жағдайлар қызметінен тек оқиғадан кейін келіп түсті. Қаза тапқан азамат мердігер компанияның қызметкері болатын. Марқұмның туыстарына көңіл айтамыз», - делінген компания таратқан мәлімдемеде.
BI Group марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Ал оқиға орнында тиісті органдар тексеріс жүргізіп жатыр.
Материал авторы