SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Instagram арқылы 1,3 млрд теңге жинаған Тотақановтар отбасына алаяқтық бойынша айып тағылды.
Астанада Тотақановтар отбасына қатысты алаяқтық және заңсыз жолмен табылған қаражатты заңдастыру дерегі бойынша қылмыстық іс қаралуда. Тергеу мәліметінше, олар 2020–2024 жылдар аралығында Instagram-дағы @altair_tota парақшасында баласының ауыр дертке шалдыққаны туралы жалған ақпарат таратып, қазақстандықтардан қайырымдылыққа деп 1,3 млрд теңгеден астам қаржы жинаған.
Алайда соттың мәліметінше, бұл қаражат негізінен құмар ойындар, сәнді киімдер, шетелдік сапарлар және өзге де жеке қажеттіліктерге жұмсалған. Ақша аударымдары Толқын Тотақанова, оның анасы және 2021 жылы қайтыс болған әжесінің атына тіркелген банктік шоттар арқылы жүргізілген.
Қазіргі таңда отбасы мүшелеріне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі көлемдегі алаяқтық) және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (заңсыз табыс көздерін жасыру) бойынша ресми айып тағылды. Қылмыстық іс Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.