SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында ІІІ топтағы мүгедек зейнеткер кәмелетке толмаған баланы ұрып-соққаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға биыл сәуір айында Құлан ауылында болған. Тергеу мәліметінше, зейнеткер кішкентай баланы білегінен ұстап, бірнеше рет беттен шапалақтаған. Бұл әрекет ҚР ҚК 109-1-бабы 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған баланың денсаулығына жеңіл зиян келтірмей, ұру») бойынша сараланған.
Сотта куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындысы және өзге де материалдар негізінде зейнеткердің кінәсі дәлелденді. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, бұл әрекетті тәрбиелік мақсатта жасағанын айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Алайда жәбірленуші тарап оны кешірмеген.
Сот зейнеткердің мүгедектігін және кінәсін мойындауын ескеріп, оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (393 200 теңге) айыппұл салу туралы үкім шығарды. Айыппұл ерікті түрде толық өтелген.
Еске салайық, аталған бап бойынша жаза ретінде 100–200 АЕК айыппұл, түзету немесе қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ 30–50 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген.
RUS