SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал педагог, №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртаза журналист Ләйлә Сұлтанқызының подкастына балаларымен бірге қонаққа келіп, бұрын-соңды айтпаған сырларымен бөлісті.
Ол отбасындағы қиын кезеңдерді еске алып, бүгінде жеткен жетістігінің артында қандай еңбек пен шыдам жатқанын айтты. Ақмоншақ Нұртазаның айтуынша, жолдасы такси жүргізушілігінен бастап, бүгінде үлкен кәсіптің иесіне айналған. Ал өзі магистратурада оқып жүріп, әкімшілікте жұмыс істеген, балалары суық «дачада» күртеше киіп ұйықтаған кездер болғанын алғаш рет ашық айтты.
«Көп адам мені бірден байдың әйелі деп ойлайды. Бірақ біз бұл күнге екеуміз талай қиындықты бірге өткеріп жеттік. Қыстың күні пеш жағып, түн ұйқымызды төрт бөлдік. Мен тоқтамай оқи бердім, шетелде тәжірибе жинадым», – деді мектеп директоры.
Сұхбат барысында Ақмоншақ ханым әлеуметтік желідегі танымалдылығы мен оқырмандардан алатын түрлі пікірлерге де тоқталды.
«Бірі «сізден көп нәрсе үйрендік» десе, енді бірі «еркіндікке тым » дейді. Мен позитивтімін, бірақ бұл талап қоймаймын деген сөз емес. Балаларымды да ерте бастан өз мәселесін өзі шеше алатын етіп тәрбиелеуге тырысамын», – деді ол.
Подкаст соңында жүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қонақтарға жақындарына хат жазу тапсырмасын берді. Осы сәтте Ақмоншақ Нұртазаның кенже қызы ағасына арнаған хатын оқып жатып, көңілі босап жылап қалды.
«Сұлтан, сен мені кешір. Біз күнде ұрысып қаламыз. Сен мені кешірші. Мен сені жақсы көремін», – деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Ақмоншақ Нұртаза желіде «бәрін тоқтаттым» деген жазбасымен көпшілікті алаңдатқан болатын.
RUS