Алматыдағы Дженнифер Лопестің концертіне 3000 жуық адам қауіпсіздік қамтамасыз етпек
9 тамызға дейін стадиондағы құрылыс-жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 10 тамыз күні Алматыда өтетін америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне 3 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, әскерилер, жеке күзет ұйымдары мен волонтёрлер бар. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігі мәлімдеді.
Әкімдіктің мәліметінше, концерт өтетін Орталық стадион аумағына 2960 адам жұмылдырылған. Атап айтқанда, 2240 полиция қызметкері, 600 әскери, 120 жеке күзетші және 300 волонтёр қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында 26 бақылау-өткізу бекетінде металлдетекторлар мен 52 портативті сканер орнатылады.
Стадион аумағы төрт фан-аймаққа бөлінеді, олардың әрқайсысына 2-3 мың адам сияды деп жоспарланып отыр.
9 тамызға дейін стадиондағы құрылыс-жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Қазіргі таңда жарық жүйесі жаңартылып, 50-ден астам прожектор ауыстырылды, дезинсекция жүргізілді, қоршаулар қалпына келтіріліп жатыр. Сонымен қатар трибуналар мен орындықтардың бір бөлігі жаңартылуда. Концертке келушілер үшін стадион маңына 100-ге жуық биодәретхана қойылады.
— Бұл концерт — Алматы үшін маңызды мәдени оқиға. Оның қалай өтетіні қала мен елдің халықаралық имиджіне әсер етеді. Мұндай іс-шаралар туризмнің дамуына да ықпал етеді, — деді қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Сондай-ақ әкімдік концерт кезінде өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметтері стадион маңында кезекшілік ететінін атап өтті. Барлық төтенше жағдай қызметтері жоғары дайындық режимінде жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайы үшін арнайы автобус маршруттары іске қосылады.
Еске салайық, бұған дейін Дженнифер Лопестің концерті Алматы экономикасына қанша пайда әкелетіні туралы мәлімет жарияланған болатын.
Материал авторы