«Бұл қанды қолдарды жарыстардан қуатын уақыт келді»: БҰҰ өкілі УЕФА-ға Израильді жарыстардан шеттетуге шақырды
Спортты геноцидтен азат етейік дейді өкіл.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, БҰҰ-ның оккупацияланған палестиналық аумақтардағы адам құқықтары мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Франческа Альбанезе Израильді УЕФА жарыстарынан шеттетуге шақырды. Бұл туралы ол әлеуметтік желі Х-те (бұрынғы Twitter) мәлімдеді.
Альбанезе УЕФА-ның «палестиналық Пеле» атанған Сулейман Әл-Обейдтің қазасына қатысты жазбасын бөлісіп, эмоциялық пікір қалдырған. Championat мәліметінше, 41 жастағы футболшы Израильдің әуе соққысы кезінде қаза тапқан.
Палестина футбол қауымдастығының ақпаратына сүйенсек, спортшы Газа секторының оңтүстігінде гуманитарлық көмек кезегінде тұрған адамдардың арасында болған. Ресми дерек бойынша, 2023 жылдың қазанынан бері Израиль шабуылдары салдарынан палестиналық футболдың 321 өкілі көз жұмған.
«Бұл қанды қолдарды жарыстардан қуатын уақыт келді. Спортты апартеид пен геноцидтен азат етейік», – деп жазды БҰҰ өкілі УЕФА аккаунтын белгілеп.
Бұған дейін Еуропалық одаққа мүше бірқатар елдер де халықаралық ұйымдардан Израиль спортшыларын жарыстардан шеттетуін талап етуді жоспарлап отырғаны хабарланған.
Сонымен қатар, Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадж Израильді ирандық спорт нысандарына шабуыл жасады деп айыптап, бұл елді барлық жарыстардан толықтай аластауды сұрап, ресми хатты ФИФА-ға жолдаған.
Айта кетсек, 2024 жылы Газа секторындағы қақтығысқа байланысты 12 Таяу Шығыс мемлекеті ФИФА-дан Израильді халықаралық турнирлерден шеттетуге шақырған. Алайда бұл талап орындалмаған.
Материал авторы