821

«Жағдайымызды видеоға түсіріп, үйдің ақшасын өздеріне алды»: Ілияс Сәриевтің ісі бойынша жәбірленуші куәлік берді

«Елге көмек» қоры құжаттарды рәсімдеу үшін 200 мың теңге сұрады дейді жәбірленуші.

«Жағдайымызды видеоға түсіріп, үйдің ақшасын өздеріне алды»: Ілияс Сәриевтің ісі бойынша жәбірленуші куәлік берді
жеке парақшасынан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында аса ірі көлемде жасалған алаяқтық ісі бойынша Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот тыңдауы өтті. Бұл туралы Kazinform жазды.

Сотта жәбірленуші Гүлбахор Түреева сөз сөйледі. Ол отбасында баспана жоқ екенін және мүгедектігі бар бес адам – күйеуі, қызы және үш немересі барын айтты.

«Мен жұмыста жүргенде олар үйімізге келіп, тұрмыс жағдайымызды видеоға түсіріп, бізге пәтер алып береміз деп уәде берді. Мен басында қажет емес дедім, бірақ Ілияс бәрібір көмектесетінін айтты. Кейін кафеге шақырып, бізге үй сатып алғанын жеткізді. Бірақ пәтерді көзімізбен көрмедік, тек «Көкжиек» ықшам ауданында орналасқанын айтты. Жиналған қаражат Сәриев пен Дүйсееваның есепшотына түскен», – деді Түреева.

Оның сөзінше, пәтерді олардың атына рәсімдеу үшін айыпталушылар қосымша қаржы талап еткен.

«Құжаттарды рәсімдеу үшін 200 мың теңге сұрады. Кейін жол шығыны мен тамағына тағы ақша бердім. Барлығы 800 мың теңге шықты», – деді ол.

Қорғаушылардың айтуынша, Сәриев әйелге жалға пәтер алу үшін 300 мың теңге берген. Бірақ ол жерде отбасы небәрі бір апта тұрған. Себебі пәтер иесі балалардың мазасыз мінез-құлқын айтып, шығарып жіберген.

Түрееваның сөзінен кейін судья Ернар Қасымбеков сот отырысын 4 қыркүйекке дейін шегерді. Бұл қылмыстық іс бойынша 26 адам жәбірленуші ретінде танылған, оның 12-сінің мүддесін адвокаттар қорғап отыр.

Адвокат Асылбек Абдрайымовтың айтуынша, сотталушылар адамдарды әлеуметтік желі арқылы алдап, қажылыққа апарамыз немесе пәтер алып береміз деп ақша жинаған. Жалпы залал көлемі 25 млн теңгеге жеткен.

Сотта Ілияс Сәриев кінәсін ішінара мойындады. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін оқыған еді.

Еске сала кетсек, сәуір айында «Елге көмек» қорының басшысы Ілияс Сәриев алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған. Ол өзін әлеуметтік желілерде «қазақтың Робин Гуды» деп атап, музыкант әрі іс-шара ұйымдастырушы ретінде таныстырған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор