Астанада бұрынғы күйеуін өлтірген әйел азаматтық некедегі жұбайын пышақтады
Әйел ер адамды өлтіру ниеті болмағанын айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот азаматтық некедегі күйеуін пышақтап, ауыр жарақат салған әйелге үкім шығарды. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот дерегінше, оқиға биыл 10 мамырда болған. Айыпталушы қызғаныштан туған жанжал кезінде азаматтық жұбайының мойын тұсына пышақпен соққы жасап, ауыр дене жарақатын келтірген.
Сотта әйел кінәсін мойындап, ер адамды өлтіру ниеті болмағанын айтты. Жәбірленуші де сотталушыға шағымданбайтынын және оны кешіргенін жеткізді.
Үкім шығару барысында сотталушының шын жүректен өкінгені және жәбірленушінің арандатушылық әрекеті жеңілдететін жағдай ретінде қаралды. Ауырлататын мән-жайлар табылған жоқ.
Сонымен қатар сот әйелдің осы қылмысты бұрынғы қатаң жаза — бостандығын шектеу мерзімін өтеп жүрген кезінде жасағанын ескерді. Бұған дейін ол өз күйеуін өлтіргені үшін сотталған.
Нәтижесінде сот Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Үкім заңды күшіне енді.
Материал авторы