Алматыдағы өлімге әкелген апат үшін сотталған Ілияс Кар жазасын жеңілдетуден бас тартты
Ілияс Кардың әрекетінен үш адам қаза тапқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2018 жылы Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталған Ілияс Кар жазасын жеңілдету туралы өтінішін кері қайтарды. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Соттың мәліметінше, Ілияс Кар Жамбыл аудандық сотына жазасының өтелмеген бөлігін жеңілірек жазаға ауыстыру жөнінде өтініш жолдаған. Қаралуы тиіс процесс 9 қыркүйекке белгіленген еді.
«Сотқа Ілияс Кардан аталған өтінішті қараусыз қайтару туралы арыз келіп түсті. Осыған байланысты іс қаралмай жатып қайтарылды», – делінген сот хабарламасында.
Еске салайық, апат 2018 жылғы 29 желтоқсанда Алматыда болған. Мас күйде көлік айдаған Ілияс Кардың әрекетінен үш адам қаза тапты. Марқұмдардың арасында актриса Шолпан Елгезекова да болған. 2019 жылы ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталған азамат жазасын Жамбыл облысындағы колонияда өтеп жатыр. Биыл көктем мен жазда оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу туралы өтініштері екі рет қаралып, қанағаттандырылмаған болатын. Үшінші өтінішті ол енді өзі қайтарып алды.
Айта кетейік, жуырда әлеуметтік желіде Ілияс Кардың Алматыдағы Esentai Mall-да жүрген видеосы тараған еді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсті.
Материал авторы