500

«131 млн теңгені жымқырған»: Тегін саяхатқа уәде берген InCruises компаниясына қарсы қылмыстық іс қозғалды

Жұртты круизбен саяхаттауға шақырған компания қаржы пирамидасы ретінде танылды.

«131 млн теңгені жымқырған»: Тегін саяхатқа уәде берген InCruises компаниясына қарсы қылмыстық іс қозғалды
Royal Caribbean Cruises

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда халықаралық круиздер ұсынатын InCruises компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті жазды.

Мекеменің мәліметінше, бұған дейін 135-тен астам қазақстандық сотқа жүгініп, компаниядан шамамен 243 мың АҚШ долларын (131 млн теңге) қайтаруды талап еткен. Олар InCruises қызметін заңсыз деп танып, ел аумағында жұмысын тоқтатуды сұрады.

Компания Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істеп, өзін «круиздік клуб» ретінде таныстырған. Тегін сапарлар мен жаңа клиент тартқаны үшін бонус уәде етілген. Алайда Stop_piramida.kz жобасының хабарлауынша, уәделер орындалмай, ақшаны қайтару қиындыққа айналған. Ережелер компания тарапынан өз бетінше өзгертіліп, кейбір қызметтер мүлдем көрсетілмеген.

Клиенттердің айтуынша, алғашқы күрделі мәселелер 2023 жылы басталған. Жәбірленушілер компания тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы Қазақстан мен АҚШ заңдарын бұзды деп санайды.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі InCruises-ті қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізіміне енгізген болатын.

Туризм индустриясы комитетінің хабарлауынша, InCruises Қазақстандағы ресми реестрде туроператор не турагент ретінде тіркелмеген. Осыған байланысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, іс Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде тергеліп жатыр.

Комитет өкілдері аталған мәселе өз құзыреттеріне кірмейтінін атап өтіп, қазір барлық материалдар ішкі істер органдарына берілгенін мәлімдеді.

Материал авторы