Мемлекет бағаның күрт секірмеуі үшін түрлі шара қолданбақ. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұруға және жәрмеңкелер өткізуге басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ үкімет кәсіпорындарға бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде талап қояды. Дегенмен сыртқы нарықтағы құбылулар мен ішкі делдалдардың әрекеті бағаға қысым жасауды жалғастырып келеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында қазақстандықтардың орташа шығыны 1,02 млн теңгені құраған, оның 91 пайызы тұтынушылық мақсаттарға жұмсалған. Әр отбасы тамаққа ай сайын шамамен 180 мың теңге шығындайды. Сарапшылар табыстың баяу өсіп, жинаққа мүмкіндік азайып отырғанын айтады.
Бағаның негізсіз көтерілуіндегі басты себептердің бірі — делдалдар. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, ет жеткілікті болғанымен, арадағы алыпсатарлар бағаны қолдан өсіреді: кейбір жағдайда малды 3 200 теңгеден сатып алып, небәрі бір сағатта 3 800 теңгеден сатады. Министрлік Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп бұл тетікті шектеуді көздеп отыр.
Коммуналдық қызмет тарифтері де алдағы жылдары қымбаттауы мүмкін. Үкімет энергетика мен инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр, оның 6,8 триллионы тозығы жеткен желілерді ауыстыруға бағытталады. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов тарифтерді алты жыл ішінде кезең-кезеңімен көтеру арқылы тұтынушыларға түсетін салмақты жеңілдетуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Биыл жыл соңына дейін тарифтер өзгермейді.
Экономистердің айтуынша, бағаның көтерілуі бюджет кірісін арттырып, инфрақұрылым мен қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік беруі тиіс. Дегенмен жаһандық нарықтағы өзгерістер Қазақстан экономикасына әсерін жалғастырады.
Авторы Серік Алдан
RUS