SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан маусым айында Каспий құбыр консорциумы жүйесі арқылы мұнай экспортын қысқартуды жоспарлап отыр. Bloomberg агенттігінің жазуынша, бұған Қашаған кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары себеп болған.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, жаздың алғашқы айында құбыр арқылы тәулігіне 1,3–1,4 миллион баррель мұнай айдалуы мүмкін. Ал мамыр айында бұл көрсеткіш шамамен 1,7 миллион баррель деңгейінде болады деп күтіліп отыр.
Сарапшылар Қазақстан мұнайының әлемдік нарықтағы рөлі әлі де жоғары екенін айтады. Әсіресе Еуропа елдері Таяу Шығыстан келетін жеткізілімнің азаюы аясында балама көздерді іздеуге мәжбүр.
Энергетикалық тапшылықтың салдары қазірдің өзінде байқала бастаған. Еуропада авиациялық отын бағасы өсіп, кей бағыттар бойынша рейстер саны қысқарған.
Бұған дейін Қазақстанның Энергетика министрлігі “Дружба” құбыры бағыты өзгергеннен кейін 260 мың тонна мұнайды қайта бөлу жоспарланғанын хабарлаған еді. Оның шамамен 160 мың тоннасы КҚК жүйесі арқылы тасымалданбақ. Қалған көлем Ресейдің Усть-Луга портына жөнелтіледі.
Қашағандағы жөндеу жұмыстары Қазақстанның экспорттық мүмкіндігіне уақытша әсер еткенімен, елдің еуропалық нарықтағы стратегиялық маңызы сақталып отыр.
RUS