SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда қызғаныштан туған жанжал ауыр қылмыспен аяқталды. Сот бірге тұрған әйелін көлікпен қабырғаға қысып, ауыр жарақаттаған ер адамға үкім шығарды. Зардап шеккен әйел аман қалғанымен, дәрігерлер оның аяғын кесуге мәжбүр болған.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың қаңтарында болған. Тергеу мәліметінше, ерлі-зайыпты арасында ұзақ уақыттан бері жанжал мен қызғанышқа байланысты кикілжің жиі туындаған. Кезекті ұрыс кезінде ер адам көлік руліне отырып, әйелді әдейі қағып, павильон қабырғасына қысып тастаған.
Соққының қатты болғаны соншалық, әйел бірнеше ауыр сынық алып, өміріне қауіп төнген. Кейін дәрігерлер оның бір аяғын ампутациялаған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу барысында куәгерлерден жауап алынған, сараптамалар жүргізілген және бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген.
Сот процесі кезінде айыпталушы кінәсін мойындамай, газ педалін “рефлекс деңгейінде” басып қалғанын айтқан. Алайда жиналған дәлелдер оның әрекеті қасақана жасалғанын көрсеткен. Сарапшылар көліктің техникалық тұрғыдан толық жарамды болғанын да анықтаған.
Нәтижесінде сот ер адамды адам өлтіруге оқталу бабы бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бұдан бөлек, ол жәбірленушіге материалдық шығын мен моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Полиция тұрмыстық жанжал мен агрессияның соңы ауыр қылмысқа ұласатынын ескертіп, кез келген дауды заң аясында шешуге шақырды.
RUS