Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Kazinform агенттігіне авторлық мақала ұсынды.
Ердоған мақаласында Түркияның 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып емес, ең бірінші болып мойындағанын еске салып, екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың тарихи әрі рухани негізі тереңде жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, 2000 жылдардан кейін Анкара мен Астана арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, саясат, экономика, мәдениет, білім, логистика және қорғаныс өнеркәсібі бағыттарындағы әріптестік күшейе түскен.
Түркия басшысы 2012 жылы құрылған Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі аясында сауда-экономикалық байланыстар айтарлықтай дамығанын айтты. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 10 миллиард долларға жақындаған. Сонымен қатар түрік инвесторлары Қазақстан экономикасына шамамен 6 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйған. Ал түрік мердігерлері жалпы құны 30 миллиард доллардан асатын 550-ге жуық жобаны жүзеге асырған.
Ердоған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге алдағы кезеңде сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу мақсаты қойылғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол Түркі мемлекеттері ұйымының рөліне ерекше тоқталып, қазіргі геосаяси дағдарыстар жағдайында түркі әлемінің ынтымағы Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың маңызды факторына айналып отырғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, өңірлік мәселелерді аймақ елдерінің өз күшімен шешуі — басты ұстанымдардың бірі.
Мақалада Таяу Шығыстағы ахуал, Газа секторындағы қақтығыс, жаһандық қауіпсіздік, энергетика және халықаралық жүйені реформалау мәселелері де көтерілді. Ердоған қазіргі халықаралық тәртіптің әлсірегенін айтып, бұған дейін БҰҰ мінберінде көтерген «Әлем бес елден үлкен» қағидатын тағы да еске салды.
Түркия президенті Анкараның 2026 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының туризм астанасы болып жарияланғанын да атап өтіп, қазақтарды Түркия астанасына шақырды.
RUS