494

Депутат Ермұрат Бапи: Ресейлік олигархтар Қазақстанның ойын бизнесін өз бақылауына алып жатыр

Сепаратистік идеяларды қолдаған қазақ блогерге ресейлік олигарх ірі көлемде ақша берген дейді депутат.

Депутат Ермұрат Бапи: Ресейлік олигархтар Қазақстанның ойын бизнесін өз бақылауына алып жатыр
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьер-министр Олжас Бектеновке, ҚМА төрағасы Жанат Елимановқа және Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовке жолдаған депутаттық сауалында ресейлік ықпалдың елдегі ойын бизнесіне дендеп еніп жатқанын айтты.

Бапидің сөзінше, былтыр қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңдағы тиімді нормалар атқарушы органдар тарапынан бұрмаланып, жеке топтардың мүддесіне жұмыс істей бастаған.

«Президент бірнеше рет монополияға қарсы саясатты күшейтуді тапсырғанына қарамастан, Үкімет жаңа монополиялық құрылымдар құруды жалғастырып отыр. Соның кесірінен бизнес пен қоғамның реформаларға сенімі төмендеп барады», — деді депутат.

Оның айтуынша, Бірыңғай есеп жүйесі (БЕЖ) соның айқын мысалы. Бастапқыда құмар ойындарға тәуелділікпен күресу үшін құрылған бұл жүйе қазір жеке компаниялардың табыс көзіне айналған.

Бапи атап өткендей, БЕЖ функцияларын атқаратын «NomaPay» ЖШС Үкімет берген өкілеттіктерді пайдаланып, нарықты монополиялап алған. Ал компанияның түпкі иесі — ресейлік функционер Умар Кремлев.

Депутаттың айтуынша, бұл құрылым жылына 3,9 трлн теңгеден асатын ставкалардан комиссия алып, заңды қазақстандық бизнестен түсетін 110 млрд теңге салық пен спортқа бағытталатын 14 млрд теңге демеушілік қаражаттың азаюына себеп болып отыр.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи Умар Кремлевтің Қазақстанда сепаратистік идеяларды қолдаған «Северный казах» атты блогер Аслан Төлегеновке қаржылай көмек көрсеткенін де мәлімдеді.

«Кремлев Төлегеновке “емделуге” деп ірі көлемде ақша бергені ресейлік скинхедтер ұйымының подкастында айтылды. Бұл факт біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатер», — деп ескертті депутат.

Бапи құзырлы органдарды Кремлевтің әрекеттерін терең зерттеуге және ойын бизнесіндегі ресейлік ықпалды тоқтатуға шақырды.

Материал авторы