Алматыда есту қабілеті бұзылған такси жүргізушісін мазақтаған блогерге полиция шара қолданды
Таксисті мазақ еткенін блогер өзі желіге жариялаған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында блогер Нұрила Аманбаева есту және сөйлеу қабілеті бұзылған такси жүргізушісін келеке қылған видеосы үшін полицияға жеткізілді.
Желіде тараған роликте ол таксистке дөрекі сұрақ қойып, салонда дауыстап ән айтып отырған. Көпшілік оның бұл әрекетін адам қадір-қасиетін қорлау деп бағалап, блогердің үстінен сын айтты.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін Нұрила Аманбаева видеоны өшіріп, жұрттан кешірім сұрады.
Полиция департаменті блогермен профилактикалық әңгіме өткізгенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желі қолданушыларын жариялайтын контентке жауапкершілікпен қарауға және қоғамдағы әдеп пен өзара құрмет нормаларын сақтауға шақырамыз», — делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Нұрила Аманбаева өз кінәсін мойындап, мұндай әрекетті қайталамауға уәде берген.
Материал авторы