526

Астанада ер адам тракторды ұрлап, қаланың ортасында тастап кеткен

Күдікті мас күйде болған.

Астанада ер адам тракторды ұрлап, қаланың ортасында тастап кеткен
polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желілерде Астанадағы ерекше жағдайдың видеосы тарады — қала тұрғыны түнде тракторды айдап кетіп, кейін оны орталық көшелердің біріне тастап кеткен.

Полицияның мәліметінше, Сарайшық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тракторды заңсыз айдап әкеткен ер адамды ұстаған.

«Тергеу барысында күдіктінің мас күйінде тракторды түнде айдап кетіп, кейін оны қаланың орталығында қалдырғаны анықталды. Техниканың иесі дереу полицияға хабар берген. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Алдын ала есеп бойынша, иесіне келтірілген материалдық шығын көлемі 500 мың теңгені құрайды», — деп хабарлады Астана қалалық ПД.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полицейлер азаматтарға арнайы техниканы (трактор, жүк көлігі және т.б.) қараусыз қалдырмауға, көліктерде кілт тастамауға және аулалар мен тұрақтарға бейнебақылау орнатуға кеңес берді. 

Материал авторы