Маңғыстауда екі адам жеке медициналық кабинеттерде уколдан кейін көз жұмды
Ал 41 адам анафилактикалық шок алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында соңғы тоғыз айда жеке медициналық кабинеттерге барғаннан кейін 41 адам анафилактикалық шок алған.
Өкінішке қарай, екі науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Бұл туралы өңірлік медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Нұрсулу Мұхамбетярова мәлімдеді.
Оның айтуынша, көп жағдайда фельдшерлер мен жедел жәрдемнің жылдам әрекет етуі қайғылы жағдайдың алдын алған.
Алайда Қызылтөбе ауылында болған оқиға өліммен аяқталды — жас ер адам антибиотик сатып алып, дәріхана жанындағы лицензиясыз кабинеттің қызметін пайдаланған. Укол салғаннан кейін оның жүрегі кенеттен тоқтап, келген дәрігерлер биологиялық өлімді тіркеген.
Тексеру барысында анықталғандай, кабинет дәрігердің тағайындауынсыз, алдын ала аллергиялық сынамасызинъекция жасаған. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер дұрыс сақталмаған, ал қызмет көрсеткен маманның жарамды сертификаты болмаған және ол соңғы бес жылда біліктілігін арттырмаған. Материалдар полицияға жолданып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Халық денсаулығы туралы кодекстің 122-бабына сәйкес, процедуралық кабинеттер тек бастапқы медициналық ұйымдар құрамында ғана жұмыс істей алады. Медициналық мекемелерден тыс жеке кабинеттердің қызметі — заңсыз», — деді Мұхамбетярова.
Қазір өңірде қоғамдық мониторингтік топтар құрылды. Олардың міндеті — заңсыз жұмыс істеп тұрған жеке кабинеттерді анықтау.
Тек қыркүйек айында Ақтауда 46 жеке процедуралық кабинет анықталып, оның алтауы жоспардан тыс тексерілген.
— Нәтижесінде лицензиясыз жұмыс, дәрі сақтау ережелерінің бұзылуы және мерзімі өткен препараттар анықталған.
— Әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 1 млн теңгеден асты.
— 12 кабинет өз еркімен қызметін тоқтатып, лицензияларын қайтарып берген.
Жақын күндері тексерулер Мұнайлы ауданы, Жаңаөзен және басқа елді мекендерде де жалғасады.
Азаматтар лицензиялау мен қызметті тоқтату мәселелері бойынша Ақтау қаласы, 9-ықшамаудан, №23 ғимарат мекенжайындағы медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жүгіне алады.
Материал авторы