390

Сүйінші! Елімізде алғаш рет таеквондодан Әлем чемпионаты өтетін болды

Қазақстан тағы бір тарихи спорттық жетістікке қол жеткізді.

Сүйінші! Елімізде алғаш рет таеквондодан Әлем чемпионаты өтетін болды
Қазақстан таеквондо федерациясы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2027 жылы Астанада таеквондодан (WT) Әлем чемпионаты өтеді. Бұл шешім Қытайдың Уси қаласында өткен Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) жиынында ресми түрде жарияланған. Бұл туралы Қазақстан таеквондо федерациясы жазды.

Айта кетерлігі, бұл — Орталық Азияда алғаш рет өтетін таеквондодан Әлем біріншілігі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның таңдалуы — елімізде ұйымдастырылған халықаралық турнирлердің жоғары деңгейін мойындаудың көрінісі. 

Федерация өкілдерінің айтуынша, Қазақстан Әлем чемпионатын қабылдауға толық дайын екенін көрсетіп, Дүниежүзілік таеквондо қауымдастығы еліміздің кандидатурасын бірауыздан қолдаған.

Мысалы, биыл 14-16 тамыз күндері Астанада өткен Kazakhstan Open жарысы кезінде 700-ден астам спортшы бақ сынап, Дүниежүзілік федерация тарапынан жоғары бағаланған болатын.

«Біз әлемдік деңгейдегі жарыстарды лайықты өткізе алатынымызды дәлелдедік. Бұл — біздің спортшылар мен ел үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік», — деді Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев.

2027 жылғы чемпионат 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық кезеңі ретінде ерекше маңызға ие болмақ.

Айта кетейік, қазір Уси қаласында 179 елден 991 таеквондошы қатысып жатқан 2025 жылғы Әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қазақстан намысын бұл додада 16 спортшы қорғайды.

Материал авторы