592

Алматы әлемнің ең лас қалаларының бестігіне енді

Қаланың ауасы қауіпті деңгейге жетті.

Алматы әлемнің ең лас қалаларының бестігіне енді
Shutterstock / Pavel Mikheyev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 28 қазан күнгі IQAir халықаралық рейтингі бойынша Алматы төртінші орында тұр. Қазақстанның ең ірі мегаполисіндегі ауа сапасының индексі (AQI) – 174, бұл көрсеткіш денсаулыққа зиянды деңгей саналады, әсіресе балалар мен қарттарға қауіпті.

Рейтингтің алғашқы үштігінде — Лахор, Пекин және Дели. Алматымен қатар алғашқы ондыққа Дакка, Ташкент, Карачи, Дубай, Батам және Улан-Батор кірген.

Эколог Равкат Мухтаровтың айтуынша, қазір қалада ауа айналымы тоқтап, штиль орнаған. Әлсіз солтүстік және солтүстік-шығыс желі ТЭЦ-3 пен жеке сектордағы көмір отынынан шыққан түтінді тауға қарай айдап, төмен қабаттарда қалың смогтың жиналуына себеп болған.

Сарапшылар бұған дейін Алматыдағы ластанудың негізгі көзі — көлік екенін, қаладағы 1 миллионнан астам автокөліктің 60%-ы ауаға зиянды газ шығаратынын мәлімдеген. Оның үстіне, экопосттар да толық жұмыс істемей отыр: күн сайын мыңдаған көлік кірсе де, небәрі бірнеше жүргізуші ғана айыппұл алады.

IQAir деректері бойынша әлемдегі ең лас 30 қаланың 29-ы — Азияда. Тізімде Азиядан тыс тек бір қала бар — Перу астанасы Лима.

Материал авторы