12277

Ядролық державалар қарулану жарысын қайта жалғап жіберуі мүмкін бе?

Соңғы аптада әлемді ядролық қару тақырыбы қайта алаңдата бастады.

Ядролық державалар қарулану жарысын қайта жалғап жіберуі мүмкін бе?
SMARTNEWS.KZ коллажы

АҚШ пен Ресей ядролық қаруды сынау мәселесінде бір-біріне қыр көрсете бастағандай. Қырғиқабақ соғыстан кейін бәсеңдеген қарулану жарысы енді қайта қозғалуы ықтимал деген ой бар. Мәскеу ядролық оқтұмсық тасымалдайтын жаңа ракеталар әзірлеп жатырмыз деп мәлімдесе, Вашингтон да ядролық сынақ өткізуге әзір екенін айтып отыр. Дональд Трамптың айтуынша, Қытай да, Ресей де сынақ жасап жатыр, сондықтан АҚШ та қарап қалмайды. Алайда бұл елдердің сынақ жүргізіп жатқанына нақты дәлел көрсетілген жоқ. 5 қарашада Трамп «басқа державалар өз бағдарламаларын сынақтан өткізіп жатқанда, біз де ядролық қаруымызды сынауға дайындаламыз» деп тағы айтты.

Ресей жағы да үнсіз емес. Трамптың мәлімдемесінен соң Мәскеу ядролық сынақтардың тиімділігін қайта зерттеу қажеттігін атап өтті.

Сарапшылар ядролық сынақтарға тыйым салатын халықаралық келісімнің бұзылу қаупі бар деп дабыл қағуда. Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы бұрынғы келісімдер де күшін жоюы мүмкін екені айтылып жатыр.

5 қарашада Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қорғаныс министрі Андрей Белоусов Арктикадағы «Новая земля» полигонында сынақтарды қайта бастауға дайындалу қажеттігін мәлімдеді.

Ресей бұл алаңда соңғы рет 1990 жылы ядролық жарылыс жасады. АҚШ — 1992 жылы Невадада, ал Қытай — 1996 жылы Шыңжаңда. Яғни отыз жылдан астам уақыт өтті. Қазіргі сынақтар бұрынғыдай алып саңырауқұлақ секілді жарылыстар емес, жер астында жүргізіледі. Бірақ қай түрі болса да табиғатқа қатер төндірері сөзсіз.

1990-жылдардың ортасында ядролық сынақтарға тыйым салатын келісім қабылданғанымен, ядролық бөліну реакциясы болмайтын «қаупі төмен» сынақтарға рұқсат берілді. Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея осындай тәжірибелерін тоқтатпаған.

Ал АҚШ президенті қазір жоғары қауіп деңгейіндегі сынақ өткізу мүмкіндігін көтеріп отыр. Бірқатар мамандар Трамп қауіпсіз және қауіпті сынақтардың айырмашылығын назарға алмады деп санайды. Дегенмен АҚШ секілді елдің мұндай мәлімдеме жасауы әлемді алаңдатып отыр. Бұрын Вашингтон керісінше ядролық жарылыстарға тыйым салу бастамаларын қолдап келген. Трамптың «бәрі сынақ жасап жатыр, біз да жасаймыз» деген сөзі халықаралық қауымдастықта жақтыра қойылмады. Кей сарапшылар бұл — саяси қысым көрсету амалы, әсіресе Ресей мен Қытайға бағытталған қадам болуы мүмкін дейді. Трамп мұны Қытай басшысы Си Цзиньпинмен Оңтүстік Кореяда өтетін кездесудің алдында жариялаған.

Шын мәнінде АҚШ Невада полигонында қаупі орташа сынақтарды арагідік өткізіп келген. Бірақ мұндай сынақтарды дайындау жылдарға созылады. Сол себепті АҚШ шынымен қауіпті жарылыстарға бара қоймайды деген пікір басым. Демек, бұл көбірек ескерту, саяси манёвр. Әлемдегі қақтығыстарды тежеу, ықпалын ұстап тұру — Вашингтонның тұрақты стратегиясы делінеді. Ресейдің Украинаға басқыншылығы жағдайды ушықтырып тұр. Трамптың ядролық картаға жүгінуі осы текетіреспен де байланысты болуы ықтимал.

Әрине, АҚШ бастаса өзгелер қарап қалмайды. Бұл қайтадан жаппай қарулану жарысына алып келуі мүмкін. Қауіпті сынақтарда ядролық бөліну реакциясы жүреді, ал қауіпсіздерінде — жоқ. Бірақ қай нұсқасы болса да аты — сынақ, зардабы — ауыр.

АҚШ пен Ресейдің ядролық қаруды шектеу келісімдерінің мерзімі таяп келе жатқаны жиі айтыла бастады. Қытай да өз арсеналын ұлғайтуға көшкен. Ресей болса арсеналын жаңартып, «Сармат» атты құрлықаралық баллистикалық зымырандарын әзірледі. Сонымен бірге ядролық оқтұмсық тасымалдайтын «Буревестник» және «Посейдон» жүйелерін сынауға кірісті. Бұл — АҚШ-қа ашық меседж. Ал Вашингтон өз кезегінде ядролық артықшылықты сақтап қалуға тырысады. Трамптың қауіпті сынақтарды қайта бастауды меңзеуі де осы текетірестің салдары. Қысқасы, қарулану жарысы аяқталмаған, қайта жанданып келеді. Путин де Қорғаныс министріне ядролық сынақтарға дайындық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Мамандар егер Вашингтон сынақтарды жандандырса, бірінші болып Қытай жауап қайтаруы мүмкін дейді. Ядролық қаруды қысқарту келісімінің мерзімі келесі жылы ақпанда аяқталады. Ал оны қайта ұзарту туралы келіссөздер жүріп жатқан жоқ. Бұрыннан бұл шартты ратификацияламаған бірнеше ел бар, соның ішінде — Қытай. Соған қарамастан, келісім жаңартылады деген үміт әлі де сақталуда.

Қазақстан халқы ядролық сынақтың зардабын өзгелерден артық біледі. Семей полигоны ондаған жыл бойы КСРО-ның атом қаруын сынайтын орталығына айналып, табиғатқа да, халық денсаулығына да орны толмас зиян келтірді.

 

Авторы Серік Алдан