383

Маңғыстауда 121 шенеунік жазаланды

9 миллиард теңге негізсіз жұмсалмақ болған.

Маңғыстауда 121 шенеунік жазаланды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде 9 миллиард теңге бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді. Тәртіп бұзған 121 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылып, 34 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокуратураның мәліметінше, заңбұзушылықтардың басым бөлігі тауар мен қызмет құнын қолдан көтеру, артық немесе қажетсіз сатып алуларды жоспарлау, сондай-ақ бюджет өтінімінсіз қаражат бөлу жағдайларымен байланысты болған.

Тексеру барысында мұндай тәртіп бұзушылықтар облыстың барлық қала мен ауданында анықталған. Прокуратура өкілдері мемлекеттік сатып алу және қаржы жоспарлау үдерістеріндегі бақылауды күшейтуді тапсырды.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Бірқатар мемлекеттік мекемелер бюджет қаржысын жоспарлауға және игеруге қатысты ішкі бақылау тетіктерін қайта қарауға міндеттелді.

Қадағалау органы бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына баса назар аударып отыр. Прокуратура алдағы уақытта да мемлекеттік мекемелер мен әкімдіктердің қаржы тәртібін тұрақты түрде тексеретінін хабарлады.

Материал авторы