Қазір де бұл үрдіс жоғалған жоқ. Қарттар үйлеріне барғандар арасында қазақтың аталары мен әжелері аз емес. Ең ащысы – олардың көбі «жұмысы жүріп тұрған», жағдайы бар, үйлі-жайлы балалары бар жандар. Қымбат көліктерін мініп, ата-анасына келіп кететіндер көп. Көрініс таныс, қоғам да үйреніп кеткендей.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәліметінше, Қазақстанда бүгінде 45 қарттар үйі жұмыс істеп тұр. Онда 3 547 адам тұрады: шамамен 1,5 мыңға жуық әже, қалғаны – аталар. Көбінің ұлты қазақ. Мемлекеттік қолдау тек стационар мекемелермен шектелмейді: балама форматтар – жартылай стационар мен үйге барып қызмет көрсету жүйесі бар. Қазір 134 әлеуметтік көмек бөлімі 28 мыңнан астам жалғызбасты қарияға қолдау көрсетіп отыр.
Дегенмен қарттар үйінің болуы – кез келген қоғам үшін ауыр көрсеткіш. Қамқорлықтың болғаны жақсы, бірақ қазаққа жат үлгімен емес, өзінің үйінде, өз ортасында, бала-шағасының жанында көрсетілсе әлдеқайда дұрыс болар еді. Ал бүгінгі ахуал – басқа. «Қарты бар үй – қазыналы үй» деген тәмсілдің қадірі көмескіленген.
Қарттар үйлеріндегі статистика жыл сайын өзгеріп отырады. Бүгінгі көрсеткіш – 3 547 адам. Ал былтырғы жылдың басында елдегі қарттар мен мүгедектер интернаттарында 6 824 адам тұрғаны, олардың 90 пайызы қазақтар екені айтылған. Ол кезде мекемелер саны 51 болатын. Биыл көктемде тағы басқа цифр шықты: 45 ұйым, ішінде 5,9 мыңға жуық қария. Қазір сол мекемелер сол күйі қалды, бірақ ондағы адамдар саны күрт азайған. Сарапшылар мұны қариялардың жиі қайтыс болуымен байланыстырады.
Қарттар үйіне қатысты мәселе биыл депутаттардың да назарында болды. Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ата-анасын қарттар үйіне тапсыруды ақтайтын бірде-бір дәлел жоқ екенін айтты. Ол «Неке және отбасы туралы» кодекстің 145-бабын еске салып, еңбекке жарамды азамат ата-анасын асырауға міндетті екенін атап өтті. Бұл талаптың орындалмай отырғанына алаңдаған депутат заңды күшейтуді ұсынды:
– ата-анасын қарттар үйіне тапсырғандар жалақысының 50 пайызын олардың есепшотына аударсын;
– 70 жастан асқан қарияның атындағы баспананы басқа адамға рәсімдеуге тыйым салынсын.
Сәуірде депутат Аманжол Әлтай да осы мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, қарттар үйінде лауазымды қызметте істейтін, бизнесі бар, тұрмысы жайлы балалардың ата-аналары да отыр. Сондықтан ол да табыстан міндетті жарна аудару жүйесін енгізуді қолдады. Сонымен бірге:
– отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған арнайы бағдарлама қабылдау;
– қарттар үйіндегі қызмет сапасын күшейту;
– мекемелердің жұмысына қоғамдық бақылау орнату қажеттігін айтты.
Қорытындысы түсінікті: мемлекет те, депутаттар да жаңа талаптар енгізуге әзір. Медициналық қызмет сапасын көтеру, мекемелер жұмысын реттеу, балалардың табысынан ата-анасына қаражат аудару механизмін қалыптастыру – күн тәртібінде тұрған ұсыныстар.
Қалай десек те, қарттар үйі – қазақ қоғамы үшін жай ғана әлеуметтік мекеме емес, ішті қаңсытатын күрделі тақырып. Қарияның орны төрде еді. Сол төрдің қайтадан өзінің иесіне бұйыратын күні келе ме – мәселе сонда.
Авторы Серік Алдан
RUS